locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Моуринью «Реалдың» жеңісінен кейін баспасөз мәслихатына қатыспады: себебі белгілі болды

Португалиялық маманның мұндай шешім қабылдауына Винисиустың алаңнан қуылуына байланысты туындаған дау себеп болды
Моуринью «Реалдың» жеңісінен кейін баспасөз мәслихатына қатыспады: себебі белгілі болды
ФОТО: Getty images
Ла Лига Испания
10.10.2026, Аяқт.
Реал Мадрид
1
Вильярреал
0

Мадридтік «Реалдың» бас бапкері Жозе Моуринью Испания чемпионатының сегізінші турында «Вильярреалды» 1:0 есебімен жеңгеннен кейін баспасөз мәслихатына қатысудан бас тартты. Командасы үш ұпай еншілегенімен, португалиялық маман ойыннан кейін журналистердің сұрақтарына жауап бермеуді жөн көрді, деп хабарлайды Sports24.kz испаниялық AS басылымына сілтеме жасап.

Дереккөздің мәліметінше, БАҚ өкілдері «Сантьяго Бернабеу» стадионының баспасөз залында Моуриньюді шамамен жарты сағат күткен. Алайда олардың алдына бас бапкердің орнына клубтың баспасөз қызметкерлері шығып, маманның сұрақтарға жауап бермейтінін хабарлаған.

Моуринью тіпті әдетте ресми баспасөз мәслихатына дейін сұхбат беретін Real Madrid TV клубтық арнасына да пікір білдірмеген.

Мұндай шешімге португалиялық бапкердің төрешілер жұмысына көңілі толмауы себеп болған. Әсіресе Винисиус Жуниордың алаңнан қуылуы маманның наразылығын тудырған.

Кездесудің 72-минутында бразилиялық шабуылшы «Вильярреал» қақпасына гол соғып, командаластарымен бірге қуана бастаған еді. Алайда VAR араласқаннан кейін бас төреші Исидро Диас де Мера шабуылдың басындағы эпизодты қайта қарады.

Бейнеқайталаудан Винисиустың қарсылас футболшысының шашынан тартқаны анықталды. Нәтижесінде төреші голды есепке алмай, бразилиялық ойыншыға тікелей қызыл қағаз көрсетті.

Бұл шешім Моуриньюдің ашуын туғызды. Ол матч барысында төрешілердің жұмысына бірнеше рет наразылық білдіріп, өзі де сары қағаз алып үлгерді.

Marca басылымының хабарлауынша, кездесуден кейін португалиялық маман клуб өкілдеріне не себепті журналистермен сөйлесуден бас тартқанын түсіндірген. Бапкер төрешілер туралы өткір пікір айтып, қосымша жазаға ұшырағысы келмеген.

«Мен әзірге ештеңе айтпаймын. Өйткені «Севилья» мен «Барселонаға» қарсы кездесулерде де команданы алаң жиегінен басқарғым келеді», – деп келтіреді Моуриньюдің сөзін испаниялық басылым.

Осылайша, португалиялық маман алдағы маңызды кездесулерге, әсіресе 25 қазанға жоспарланған Эль-Класикоға қатысу мүмкіндігіне қауіп төндірмеуді жөн көрген.

Дегенмен баспасөз мәслихатынан бас тартудың өзі де салдарсыз қалмауы мүмкін. Ла Лига регламентінде бапкерлердің матчтан кейін журналистермен кездесуі қарастырылған. Сондықтан мадридтік клубқа тәртіптік шара қолданылуы ықтимал.

Еске салайық, «Вильярреалға» қарсы матч «Реалдың» 1:0 есебімен жеңісімен аяқталды. Жалғыз голды 63-минутта 19 жастағы Ян Диоманде соқты. Бұл оның мадридтік клуб сапындағы алғашқы голы болды.

Осы жеңістен кейін «Реал» сегіз турда 18 ұпай жинады. Алайда мадридтіктер көш бастап тұрған «Барселонадан» әлі де алты ұпайға қалып келеді.

Жозе Моуринью шәкірттері келесі кездесуін Чемпиондар лигасында италиялық «Ромаға» қарсы өткізеді. Португалиялық бапкер осы матчтың алдында журналистердің сұрақтарына қайта жауап береді деп күтілуде.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie