locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Винисиус «Барселонаға» қарсы Эль-Класикоға қатыспауы мүмкін: оны қандай жаза күтіп тұр?

Мадридтік «Реалдың» шабуылшысы Винисиус Жуниор «Вильярреалға» қарсы матчта алған қызыл қағазына байланысты «Барселонамен» өтетін маңызды кездесуге қатыса алмауы мүмкін
Винисиус «Барселонаға» қарсы Эль-Класикоға қатыспауы мүмкін: оны қандай жаза күтіп тұр?
ФОТО: Getty images
Ла Лига Испания
10.10.2026, Аяқт.
Реал Мадрид
1
Вильярреал
0

Мадридтік «Реалдың» жұлдызы Винисиус Жуниор Испания чемпионатының сегізінші турында «Вильярреалға» қарсы кездесуде алаңнан қуылғаннан кейін күрделі жағдайға тап болды. Енді бразилиялық шабуылшы 25 қазанда өтетін «Барселонаға» қарсы Эль-Класиконы өткізіп алуы мүмкін, деп хабарлайды Sports24.kz испаниялық Cadena SER басылымына сілтеме жасап.

Даулы оқиға «Сантьяго Бернабеуде» өткен матчтың екінші таймында болды. Кездесуді қосалқы құрамда бастаған Винисиус 52-минутта алаңға шығып, көп ұзамай қарсылас қақпасына гол соқты.

Алайда бразилиялықтың қуанышы ұзаққа созылмады. VAR төрешілері шабуыл басталған сәтте Винисиустың «Вильярреал» қорғаушысы Натан Салибаның шашынан тартқанын анықтады.

Бейнеқайталауды қарап шыққан бас төреші Исидро Диас де Мера голды есепке алмай, 72-минутта футболшыға тікелей қызыл қағаз көрсетті.

Бұл шешім Винисиустың ашуын туғызды. Ол төрешіге наразылығын білдіріп, алаңнан кетуге асықпады. Ақырында бразилиялықты командаластары сабырға шақыруға мәжбүр болды.

Винисиус қанша матчқа шеттетілуі мүмкін?

Испаниялық БАҚ мәліметінше, жағдайды қиындатып отырған негізгі мәселе - төрешінің ресми хаттамасы.

Онда Винисиустың қарсыласының шашынан допқа талас жүргізілмеген сәтте тартқаны көрсетілген. Сондай-ақ футболшының алаңнан қуылғаннан кейін төрешіге агрессивті түрде наразылық білдіргені тіркелген.

Cadena SER басылымына пікір білдірген бұрынғы төреші Итурральде Гонсалестің айтуынша, бразилиялық футболшы екі немесе үш матчқа дисквалификациялануы мүмкін.

Испания футбол федерациясының тәртіптік ережелерінде допқа талас жүргізу мүмкіндігі болмаған жағдайда қарсыласқа қарсы ереже бұзу кемінде екі матчқа шеттетуге негіз бола алады.

Егер тәртіптік комитет осындай шешім қабылдаса, Винисиус 18 қазанда «Севильяға» қарсы кездесуді ғана емес, 25 қазандағы «Барселонамен» болатын Эль-Класиконы да өткізіп алады.

Оның үстіне, төрешіге көрсеткен наразылығы да істі қарау кезінде ескерілуі мүмкін.

Дегенмен Винисиусқа қатысты түпкілікті шешім әзірге шыққан жоқ. Жазаның нақты мерзімін алдағы күндері Испания футбол федерациясының тәртіптік комитеті анықтайды.

ФОТО: Getty images

Винисиус жанкүйерлерден кешірім сұрады

Матч аяқталғаннан кейін бразилиялық футболшы әлеуметтік желідегі парақшасында командаластары мен жанкүйерлерінен кешірім сұрады.

Ол болған жағдайға өкініш білдіріп, команданы қиын жағдайда қалдырғаны үшін кешірім өтінді.

Ал «Реалдың» бас бапкері Жозе Моуринью төрешілердің шешіміне наразы болып, кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатына қатыспады.

Айта кетейік, «Реал» бұл кездесуде Ян Диоманденің жалғыз голының арқасында жеңіске жетті. Алайда Винисиустың алаңнан қуылуы мадридтік клуб үшін алдағы маңызды матчтар қарсаңында үлкен мәселеге айналуы мүмкін.

25 қазанда «Реал» сырт алаңда «Барселонамен» кездеседі. Чемпиондық бәсекедегі басты қарсыласына қарсы ойында Винисиустың болмауы Жозе Моуриньюдің жоспарларына әсер етуі ықтимал.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie