«Шалькені» жаттықтырып, Қазақстан қақпасына гол соқты: «Ордабасының» жаңа бапкері несімен танымал?
Шымкенттік «Ордабасы» 2026 жылғы маусымды екі жүлдемен аяқтады. Алайда чемпиондық атағын енді жаңа маманның жетекшілігімен қорғайды. Клуб елшісі Бейбіт Әлібеков бұған дейін «Юнион Сент-Жиллуаз», «Шальке» және «Реймсте» жұмыс істеген бельгиялық Карел Герартстың тағайындалғанын хабарлады.
Шымкенттіктердің бұл таңдауы бірден бірнеше себеп бойынша назар аудартады. Герартс Еуропа аренасында көзге түсіп, өз елінде мойындалды және Германияның ең танымал клубтарының бірінде жұмыс істеді. Дегенмен оның мансабы Бельгиядағы сәтті кезеңмен ғана шектелмейді: соңғы екі қызметінен ол мерзімінен бұрын кеткен.
Енді ол тарихында алғаш рет бір маусымда Қазақстан чемпионаты мен Кубогын жеңіп алған команданы қабылдайды. Келесі жазда «Ордабасы» Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде өнер көрсетеді.
Бельгиялық Генктен ұлттық құрамаға дейін
Карел Герартс 1982 жылғы 5 қаңтарда Генк қаласында дүниеге келген. Футболдағы мансабын «Брюггенің» жүйесінде бастап, орталық жартылай қорғаушы позициясында ойнады.
Ойыншы ретінде бельгиялық «Локерен», «Стандард», «Ауд-Хеверле Левен» және «Шарлеруа» клубтарында өнер көрсетті. Мансабының ең ұзақ кезеңі «Брюггемен» байланысты болды. Ол бұл клубқа 2007 жылы әбден тәжірибе жинаған футболшы ретінде оралды.
Герартс осы клуб сапында Бельгия чемпионы атанып, ел Кубогын жеңіп алды. Ішкі біріншіліктегі ойыны ұлттық құраманың бапкерлер штабының назарынан тыс қалған жоқ.
Бельгия құрамасы сапында жартылай қорғаушы 20 матч өткізіп, төрт гол соқты.
Соның бірі Қазақстанға қарсы матчта соғылды.

«Ордабасының» болашақ бапкері Қазақстан қақпасына қалай гол соқты?
2007 жылғы 12 қыркүйекте Қазақстан мен Бельгия құрамалары Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында Алматыда кездесті.
Герартс қонақтар сапында негізгі құрамда алаңға шығып, 13-минутта есеп ашты. Кевин Миральястың пасынан кейін бельгиялық футболшы Давид Лория қорғаған қақпаға допты дәл бағыттады. Көп ұзамай Миральяс еуропалық команданың басымдығын еселей түсті. Бірінші таймның ортасына қарай Қазақстан 0:2 есебімен ұтылып жатты, бірақ матч барысын өзгерте алды. Үзіліске дейін Дмитрий Бяков есеп айырмасын қысқартса, екінші таймда Самат Смақов пенальтиді сәтті орындады. Кездесу 2:2 есебімен аяқталды.
Арада жиырма жылға жуық уақыт өткенде Герартс Қазақстан футболымен қайта қауышты. Бірақ бұл жолы ол елде бас бапкер ретінде жұмыс істейді.
«Юнион»: көмекшіден Еуропа лигасының ширек финалына дейін
Бельгиялық маманның бапкерлік жолы дербес жұмыстан басталған жоқ. Ойыншы мансабын аяқтаған соң біраз уақыт «Остендеде» ұйымдастыру мәселелерімен айналысты, ал 2019 жылы «Юнион Сент-Жиллуаздың» бапкерлер штабына қосылды.
Фелис Маццумен бірге Герартс команданың Бельгияның жоғарғы дивизионына оралуына атсалысты. 2020/2021 жылғы маусымда «Юнион» елдің екінші деңгейлі чемпионатында жеңіске жетіп, одан кейін элита көшбасшыларының қатарына қосылды.
2022 жылдың жазында Маццу клубтан кеткен соң, басшылық команданы оның бұрынғы көмекшісіне сеніп тапсырды. Герартс үшін бұл бас бапкер ретіндегі алғашқы толыққанды жұмыс болды. Оның мансабындағы ең табысты кезең де осы маусым саналады. Бельгиялық маманның жетекшілігімен «Юнион» 57 матч өткізіп, 35 жеңіске жетті, 11 рет тең түсті және сонша рет жеңілді. Еуропа аренасында команда Еуропа лигасының тобында жеңіске жетіп, немістің «Унионы», португалиялық «Браганы» және швециялық «Мальмёні» артта қалдырды. Плей-оффта бельгиялықтар ширек финалға дейін жетіп, леверкузендік «Байерге» жол берді.
Ұлттық чемпионатта да «Юнион» титулға таласты, алайда чемпиондық кезеңнің қорытындысы бойынша үшінші орынға тұрақтады.
Герартстың жұмысы Бельгияда жоғары бағаланды: 2022/2023 жылғы маусымның қорытындысы бойынша ол бапкерлік жүлдемен марапатталды. Алайда тараптар ынтымақтастықты жалғастыру жөнінде келісімге келе алмады. Нәтижесі сәтті болғанына қарамастан, бельгиялық маман командадан кетті.

«Шальке»: дүркіреткен тағайындау және ауыр отставка
2023 жылдың күзінде Герартс Бундеслигадан түсіп қалғаннан кейін бұрынғы орнын қайтаруға тырысып жүрген «Шалькеден» ұсыныс алды.
Бапкер үшін бұл жауапкершіліктің жаңа деңгейі еді. Неміс клубы қиын кезеңді бастан өткеріп жатты, ал жанкүйерлер команданың элитаға тез оралуын күтті.
Алғашқы маусымда бельгиялық маман нәтижелерді тұрақтандыра алды. «Шальке» Екінші Бундеслигада оныншы орын алып, турнирдегі орнын сақтап қалды.
Алайда келесі маусымның басталуы сәтсіз болды.
2024 жылғы қыркүйекте команда өз алаңында «Дармштадтқа» 3:5 есебімен ауыр жеңілді. Оның үстіне, гельзенкирхендіктер матч барысында 3:0 есебімен алда келе жатып, тең нәтижені де сақтап қала алмады. Бұл Герартстың неміс клубы тізгініндегі соңғы ойыны болды. «Шальке» басшылығы бас бапкерді және спорт директоры Марк Вильмотсты қызметінен босатқанын хабарлады.
Бельгиялық маман команда тізгінінде барлығы 33 матч өткізді.

«Реймс»: Франция элитасына оралу талпынысы
Герартстың келесі жұмыс орны Франция болды.
2025 жылдың жазында ол Лига 1-ден түсіп қалған және елдің жоғарғы дивизионына тез оралуды көздеген «Реймсті» басқарды. Жаңа бапкердің алдында нақты міндет тұрды — команданы жоғары дивизионға шығару. Алайда бұл мақсат орындалмады. 2025/2026 жылғы маусым қорытындысы бойынша «Реймс» Францияның екінші лигасында алтыншы орын алып, элитаға шығу үшін өтетін плей-оффқа іліге алмады.
2026 жылғы 14 мамырда клуб Герартспен өзара келісім бойынша ынтымақтастықты тоқтатқанын ресми түрде жариялады. Осылайша, бельгиялық маманның бапкерлік мансабындағы соңғы екі кезеңі басты турнирлік міндеттердің орындалмауымен аяқталды.

Герартс қандай футболымен танымал?
Бельгияда жұмыс істеген кезінде маман көбіне үш орталық қорғаушы мен екі қаптал ойыншысына негізделген жүйені қолданды. Дегенмен Герартс тактикалық құрылым нақты команданың мүмкіндіктеріне сай болуы керектігін бірнеше рет атап өткен. Бельгиялық маман қорғаныстан ұйымдасқан түрде шығуға, ойынның жоғары қарқынына және футболшылардың доппен де, допсыз да белсенді қимылдауына басымдық береді.
Бапкер психологиялық дайындық пен ойыншыларды дамытуға да ерекше көңіл бөледі.
Оның жетекшілігімен «Юнионда» кейін Еуропаның жетекші чемпионаттарында мансабын жалғастырған футболшылар айтарлықтай өсті. Олардың қатарында кейін леверкузендік «Байердің» көзге түскен ойыншыларының біріне айналған нигериялық шабуылшы Виктор Бонифас бар. Дегенмен Герартс «Ордабасыны» бірден 3-5-2 жүйесіне көшіреді деп күтуге әлі ерте. Мамандығы бұған дейін ойын үлгісін қолда бар құрамға қарай таңдағанды жөн көретінін айтқан.

Келісімшарт пен жалақы: не белгілі?
Инсайдер Елдар Аманбаевтың ақпаратына сүйенсек, «Ордабасы» мен Герартс болашақтағы ынтымақтастық шарттарын келіскен. Бельгиялық маман «2+1» формуласы бойынша — екі маусымға, келісімді тағы бір жылға ұзарту мүмкіндігімен келісімшартқа отырады деп күтілуде. Сонымен қатар маман Шымкентке екі көмекшісін алып келмек. Аманбаевтың айтуынша, Герартс Қазақстан Премьер-лигасы тарихындағы ең жоғары жалақы алатын бас бапкер болады. Алайда оның ықтимал табысының нақты мөлшері жарияланған жоқ. Сондықтан әзірге бұл — клуб растаған қаржылық рекорд емес, инсайдердің ақпараты ғана.
Герартсты «Ордабасыда» не күтіп тұр?
Бельгиялық маман Шымкент футболы тарихындағы ең табысты маусымдардың бірін өткізген команданы қабылдайды.
2026 жылы Андрей Мартиннің жетекшілігімен «Ордабасы» Қазақстан чемпионы атанып, 30 матчта 68 ұпай жинады. Шымкенттіктер 21 жеңіске жетіп, бес рет тең түсті және төрт мәрте жеңілді. Алматының «Қайратын» үш ұпайға артта қалдырды.
Маусым чемпиондық атақпен ғана шектелген жоқ. 7 қарашада команда Қазақстан Кубогының финалында қызылордалық «Қайсарды» 4:1 есебімен ойсырата жеңіп, тарихында алғаш рет алтын дубль жасады.
Тарихи жетістікке қарамастан, клуб 10 қарашада Андрей Мартинмен келісімшартты ұзартпау туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Молдова маманы 2024 жылғы желтоқсаннан бері Шымкентте жұмыс істеп, маусым қорытындысы бойынша КПЛ-дің үздік бапкері атанды.
Оның ізбасары үшін бұл — әрі артықшылық, әрі қосымша жауапкершілік. Герартс ішкі аренада әлеуетін жаңа ғана дәлелдеген команданы қайта құруға мәжбүр болмайды. Бірақ Мартиннің жетістігін қайталау оңайға соқпайды. Келесі маусым «Ордабасының» Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіне қайта оралуына байланысты айрықша маңызды болмақ. Еуропа лигасының ширек финалына бельгиялық «Юнионды» алып шыққан Герартстың тәжірибесі дәл осы кезеңде қажетке жарауы мүмкін.