«Ордабасының» жаңа бапкері Қазақстан құрамасына гол соққан: архивтік видео жарияланды
Шымкенттік «Ордабасының» болашақ бас бапкері Карел Герартс Бельгия құрамасында өнер көрсетуі арқылы қазақстандық жанкүйерлерге бұрыннан таныс, деп хабарлайды Sports24.kz.
Әлеуметтік желілерде 2007 жылы өткен Қазақстан мен Бельгия арасындағы 2008 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу матчы еске алынды. Кездесу 2:2 есебімен аяқталған.
Бельгия құрамасының гол авторларының бірі Герартс болды. Жартылай қорғаушы Қазақстан құрамасының қақпашысы Давид Лорияның қақпасына гол соқты.
Бұл кездесуде Қазақстан құрамасы сапынан Сергей Бяков пен Самат Смақов мергендік танытты. Бельгиялықтардың тағы бір голын Кевин Миральяс өз еншісіне жазды.
Арада жиырма жылға жуық уақыт өткен соң Герартс Қазақстанға бұл жолы бапкер ретінде оралып отыр. Бұған дейін бельгиялық маман «Юнион Сент-Жиллуаз», немістің «Шальке» және француздың «Реймс» клубтарын жаттықтырған.