Роналду «Пахтакормен» матч өткізу үшін Ташкентке келе ме? Толығырақ
Португалиялық жұлдыз Криштиану Роналду Азия чемпиондар лигасы аясындағы «Аль-Наср» мен «Пахтакор» арасындағы матчқа Ташкентке ұшып келуі мүмкін, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бұл туралы Kun.uz хабарлады.
Ойын 2 қарашада АФК Элиталық чемпиондар лигасының төртінші туры аясында өтеді. Матч билеттері 100 мыңнан 3 миллион сумға дейінгі бағамен сатылуда (3700-ден 112 мың теңгеге дейін).
Дереккөздің мәліметінше, «Аль-Наср» өкілдері қауіпсіздік мәселелерін талқылау үшін Ташкент клубының басшылығымен байланысқа шығып үлгерген. Алайда Роналдудың Өзбекстанға бару-бармау туралы шешімі тікелей футболшының өзіне байланысты болады.
Роналду қауіпсіздікке алаңдай ма?
Басылым екінші турда ферғаналық «Нефтчиге» қарсы өткен матч алдында ойынның бір сағатқа кеш басталғанын еске салды. Бұған йемендік хуситтер тарапынан зымыран шабуылы болуы мүмкін деген хабарламалар себеп болған.
Басылым дереккөздерінің мәліметінше, ойыншылар матч алдындағы дайындық кезінде ұялы телефондарына бірнеше ескерту алған. Осыдан кейін Роналду алаңға шығудан бас тартқан. «Аль-Наср» басшылығына португалиялық футболшыны ойнауға көндіру үшін шамамен 40 минут қажет болған. Нәтижесінде футболшы матчтың бастапқы жоспарланған уақытынан шамамен бір сағат өткен соң ғана алаңға шықты.
«Пахтакор» жанкүйерлерінің оптимизміне клубтың спорт директоры Равшан Салимовтың жазбасы да себеп болды. Алдымен ол «Аль-Наср» басшылығының ұйымдастыру жұмыстарынан Роналдудың Ташкентке келетінін аңғаруға болады деп жазды.
Кейін Салимов португалиялық футболшының келуі туралы сұраққа оң жауап берілген хат алмасудың скриншотын жариялады. «Пахтакор» өкілі жазбаға: «Жалпы, бәрін өздеріңіз түсінесіздер» деген сөзді қоса жазды.
Дегенмен Роналдудың матчқа қатысатыны әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Айта кетейік, 41 жастағы португалиялық футболшы әлі де «Аль-Наср» сапында өнер көрсетіп жүр. Оның мансабындағы голдар саны — 985. Ал тарихи 1000 гол межесіне жету үшін оған небәрі 15 гол қалды.
Роналду Өзбекстанға алғаш рет 2009 жылдың желтоқсанында келген. Сол кезде ол Ташкенттегі «ЖАР» стадионында жас футболшыларға арнап шеберлік сабағын өткізді.