Қазақстандық балуан Астанадағы әлем чемпионатында соңғы секундта жеңісті жұлып алды: видео
Қазақстандық Асыл Айтақын 2026 жылғы күрес әлем чемпионатының 1/8 финалында драмалық жеңіске жетті, деп хабарлайды Sports24.kz.
61 келіге дейінгі салмақта оның қарсыласы 2025 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, Әзербайжан өкілі Нураддин Новрузов болды.
Белдесу қазақстандық балуанның пайдасына 5:4 есебімен аяқталды. Айтақын 2:4 есебімен жеңіліп жатып, белдесудің соңғы секундында жеңісті жұлып алды.
Айта кетейік, турнир алдында Асыл Айтақын өз салмақ дәрежесіндегі рейтингте 14-орында тұрса, Новрузов үшінші позицияда болған.
Осылайша, қазақстандық балуан әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алып, медаль үшін күресін жалғастырады. Бұған дейін Айтақын алғашқы белдесуінде қырғыз балуаны Өмірбек Асан уулун жеңген болатын.
Күрестен әлем чемпионаты Астанада 2026 жылғы 24 қазаннан 1 қарашаға дейін өтеді. Жарысқа грек-рим, әйелдер және еркін күрес стильдерінен әлемнің ең мықты балуандары қатысуда. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында грек-рим күресінен үш қола және әйелдер күресінен бір қола медаль бар.