Дастан Сатпаев «Бернлидің» «Портсмутпен» матчына негізгі құрамға енгізілді. Ал жарақаты ше?
Ағылшын журналисті Мэтт Скрафтон Чемпионшип аясында өтетін «Бернли» — «Портсмут» матчына алаңға шығуы мүмкін негізгі құрамды ұсынды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бұл кездесу «Бернли» үшін бас бапкер Никки Хайен қызметінен кеткеннен кейінгі алғашқы ойын болады. Маман командадан «Линкольн Ситиге» 1:4 есебімен ойсырай ұтылғаннан кейін кетті. Оның орнына Фабио Челестини тағайындалды.
Скрафтонның болжамынша, жаңа бапкер команданың негізгі құрамына өзгерістер енгізуі мүмкін. Атап айтқанда, журналист Кайл Уокердің орнына Коннор Робертс шығады деп күтеді. Уокер «Линкольнмен» матчта кезекті қателігінен кейін алаңнан ауыстырылған болатын.
Қазақстандық шабуылшы Дастан Сатпаев та болжамды негізгі құрамға енгізілді. 17 жастағы футболшы шабуылдың сол қанатында ойнайды деп күтілуде. «Линкольн Ситиге» қарсы алдыңғы кездесуде ол алаңда 60 минут өткізді.
Болжамға сәйкес, шабуылдың ортасында Андреас Хунтонджи ойнауы мүмкін. Бұған Джейми Варди мен Армандо Брохидің матчқа қатыспауы ықтимал екені себеп болып отыр. Хунтонджи «Линкольнмен» ойында «Бернли» сапындағы алғашқы голын соқты.
«Портсмутпен» матчқа «Бернлидің» болжамды құрамы:
Грегуар Кудер — Коннор Робертс, Анель Ахмедходжич, Игор Жулио, Лукас Пирес — Макс Аллейн, Джош Лоран, Рео Хатате — Ларжи Рамазани, Дастан Сатпаев, Андреас Хунтонджи.
Айта кетейік, журналист қақпашы позициясында да өзгеріс болуы мүмкін екенін атап өтті: негізгі құрамдағы орын үшін Грегуар Кудер мен Макс Вайсс таласуда. Сонымен қатар жарақатынан кейін Джош Калленнің сапқа қайта қосылуы оның негізгі құрамда міндетті түрде шығатынын білдірмейді.
«Бернли» — «Портсмут» матчы Фабио Челестини үшін команданың тізгінін ұстағаннан кейінгі алғашқы сынақ болады.
Ал Дастанның жарақаты ше?
Бұған дейін «Бернли» мен Қазақстан құрамасының 18 жастағы шабуылшысы Дастан Сатпаев жаңа жарақатына байланысты кемінде алты апта ойыннан тыс қалуы мүмкін екені хабарланған еді. Бұл туралы спорт комментаторы Ермұхамед Маулен мәлімдеген болатын.
Алдын ала мәлімет бойынша, қазақстандық футболшының қалпына келуіне шамамен алты апта қажет. Жарақатына байланысты ол Ұлттар лигасының Молдова мен Словакияға қарсы қорытынды матчтарында ұлттық құрамаға көмектесе алмайды.
Енді Скрафтон келтірген ақпаратты ескерсек, жағдай Дастан үшін жақсы жаққа өзгеруі мүмкін.