locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Роберто Карлос ислам дінін қабылдағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды

Аты аңызға айналған бразилиялық футболшы түркиялық депутаттың мәлімдемесінен кейін тараған қауесетке алғаш рет пікір білдірді
Футбол
Sports24.kz сайтын Google-ға қосу
Роберто Карлос ислам дінін қабылдағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды
ФОТО: Getty images

Бразилия құрамасы мен мадридтік «Реалдың» бұрынғы қорғаушысы Роберто Карлос марокколық Сухейла әл-Тахириге үйленгеннен кейін ислам дінін қабылдады деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Sports24.kz.

Бұған дейін БАҚ-та 53 жастағы бразилиялық футболшы шейх Джихад Хаммадехпен кездесу кезінде шахада айтып, ислам дінін қабылдағаны туралы ақпарат тараған еді. Алайда Карлостың өзі бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

«Мен ислам дініне үлкен құрметпен қараймын. Жұбайымның намаз оқығанын көргеніме қуаныштымын. Алайда менің исламды қабылдағаным туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», - деп келтіреді экс-футболшының сөзін Okaz басылымы.

Карлос үйлену тойындағы діни рәсімдер туралы да айтып өтті. Оның сөзінше, салтанатты шара барысында оның отбасының католиктік дәстүрлері де, жұбайы мен оның жақындарының діни ұстанымдары да ескерілген.

Бразилиялықтың дінін ауыстырғаны туралы ақпарат Түркиядағы билеуші Әділет және даму партиясының депутаты Али Шахиннің мәлімдемесінен кейін тарады. Саясаткер Бразилиядағы мұсылман қауымының өкілдерімен кездескенін айтып, шейх Джихад Хаммадехтің сөзіне сілтеме жасады.

Шахиннің айтуынша, Роберто Карлос біраз уақыт бойы шейхпен байланыста болған, кейін онымен жеке кездескен. Депутат дәл сол кездесуде бұрынғы футболшы шахада айтып, ислам дінін қабылдағанын мәлімдеген еді.

«Шейх Джихад Хаммадех маған Роберто Карлостың онымен ұзақ уақыт байланыста болғанын, ал шамамен төрт апта бұрын кездесуге келіп, шахада айтып, ислам дінін қабылдағанын жеткізді. Роберто Карлос пен оның отбасына бейбітшілік, денсаулық және амандық тілеймін», - деп жазды Али Шахин.

Алайда Роберто Карлостың өзі бұл ақпаратты жоққа шығарып, исламға құрметпен қарайтынын, бірақ дінін өзгертпегенін атап өтті.

Роберто Карлос футбол тарихындағы ең үздік сол қаптал қорғаушыларының бірі саналады. Бразилиялық мансабының ең жарқын кезеңін мадридтік «Реалда» өткізіп, клубпен бірге төрт рет Испания чемпионы атанды және үш мәрте Чемпиондар лигасын жеңіп алды. Бразилия құрамасымен 2002 жылы әлем чемпионы болды.

Карлос мансабында Түркияда да өнер көрсеткен. Ол 2007–2009 жылдары «Фенербахче» сапында ойнады.

ФОТО: Getty images
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie