РЕСМИ: «Ливерпуль» жаңа бас бапкерін таныстырды
«Ливерпуль» жаңа бас бапкерін тағайындағанын ресми түрде хабарлады, деп жазады Sports24.kz. Испаниялық Андони Ираола мерсисайдтық клубтың жаңа жетекшісі ретінде таныстырылды.
43 жастағы маман команданың тізгінін қолға алды. Ол «Энфилдте» Арне Слоттың орнын басты. Слот өткен сенбіде «қызылдармен» қоштасқан болатын.
Бұған дейін испаниялық маманның екі жылдық келісімшартқа қол қоятыны хабарланған еді.
Ираола топ-клубқа Премьер-лигада «Борнмутпен» өткізген үш әсерлі маусымынан кейін келіп отыр. Ол клуб тарихында алғаш рет команданы еурокубоктарға шығарды, өткен айда турнир кестесінде алтыншы орынға көтерді.
«Мен қатты толқып тұрмын. Себебі, сіздер білесіздер, «Ливерпуль» – бұл үлкен клуб, әлемдегі ең ірі клубтардың бірі.
Бірақ осы клубтың ішінде болып, оны тереңірек сезінген сайын, әрдайым бұл ерекше клуб деп ойлайтынмын. «Ливерпульге» қызығу үшін көп себептің қажеті жоқ. «Ливерпуль» – ол «Ливерпуль».
Әрине, атмосферасы, жанкүйерлері, клуб, ойыншылар, жоғарғы деңгейдегі футболшыларды жаттықтыру мүмкіндігі, титулдар үшін таласу – бұдан артық не керек? Мұндай мүмкіндікті табу оңай емес. Сондықтан дәл осы жерде жұмысымды бастауға өте қуаныштымын», – деп бөлісті бапкер өз әсерімен.
Андони Ираола кім?
Испанияның солтүстігінде туған Ираола ұзақ ойыншылық мансабында негізінен оң қапталдағы қорғаушы болып, «Атлетик» сапында 12 маусымда 500-ден аса матч өткізген.
Ол Испания құрамасы үшін де жеті ойын өткізіп, 2015–2016 жылдары «Нью-Йорк Ситиді» таңдады да, сол жерде футболдағы жолын аяқтады.
Ираола бапкерлікке алғашқы қадамын 2018 жылдың жазында АЕК «Ларнака» командасын жаттықтырудан бастаған, сол кезде Кипр Суперкубогын жеңіп алды.
Одан кейін Испания кезеңі басталды. Екінші дивизиондағы «Мирандес» клубымен қысқа мерзім жұмыс істеген соң, 2020 жылы «Райо Вальеканоға» бас бапкер болып барып, бірінші маусымда-ақ команданы Ла Лигаға шығарды.
Үш жылдан соң, оны АПЛ-ға шақырды және Ираола «Борнмуттың» бас бапкері болды.
Оның «шие» сапындағы жұмысы керемет нәтижеге жеткізді: соңғы маусымда 18 ойындық жеңіліссіз сериясымен команда еурокубоктық жолдамаға ие болып, АПЛ-да алтыншы орынға қол жеткізді.