Реал Мадрид қайтадан тарих жазды. Клуб Чемпиондар лигасында пенальти сериясы арқылы рекорд орнатты
Мадридтік “Реал” Чемпиондар лигасының 1/4 финалына шықты. “Атлетикоға” қарсы ойын (0:1, 4:2 пен.) жанкүйерлердің есінде қалатын нағыз тартысты матч болды. Бұл жеңіс “Реалға” тарихи рекорд орнатуға мүмкіндік берді, сондай-ақ, “Атлетико” тарапынан төрешілік шешімдерге қатысты дау тудырды.
Squawka статистикалық порталының мәліметінше, “Реал” Чемпиондар лигасында пенальти сериясын ең көп жеңген команда атанды. “Корольдік клуб” төртінші рет 11 метрлік айып соққылар сериясында жеңіске жетіп отыр. Тарихта ешбір клуб мұндай жетістікке қол жеткізбеген.
Бұл жетістік “Реалдың” Чемпиондар лигасындағы үстемдігін тағы бір мәрте дәлелдейді, ал олардың еурокубоктық тарихы жаңа рекордтармен толықты.
Келесі кезеңде “Реалды” “Арсеналға” қарсы үлкен сынақ күтіп тұр. Лондондықтар биыл керемет формада, сондықтан бұл ойын нағыз қызықты қарсыластықтың бірі болмақ.
• Бірінші матч – 8 сәуірде Лондонда,
• Қарымта ойын – 16 сәуірде Мадридте.
“Реалдың” жеңісі тек қуаныш емес, сонымен қатар дау-дамайға да себеп болды. “Атлетиконың” бас бапкері Диего Симеоне матчтан кейін Хулиан Альварестің пенальтиі есепке алынбағанына ашық наразылығын білдірді. Еске сала кетейік, VAR жүйесі аргентиналық футболшының допқа екі рет тигенін анықтап, голды есептемеді. Бұл шешім “Атлетико” ойыншылары мен жанкүйерлерінің наразылығын туғызды, бірақ төрешілердің шешімі өзгеріссіз қалды.