Покатилов «Сабахты» «Боруссиядан» жеңілістен құтқармады, ПСЖ «Барселонаны» ойсырата жеңді: ЧЛ-ның үшінші турына шолу
21 қазанға қараған түні УЕФА Чемпиондар лигасының 2026/27 жылғы маусымындағы үшінші турдың алғашқы матчтары өтті. Тоғыз кездесуде командалар жалпы 40 гол соқты. Қазақстандық жанкүйерлер үшін басты оқиғалардың бірі Стас Покатилов өнер көрсететін әзербайжандық «Сабахтың» дортмундтық «Боруссияға» қарсы кездесуі болды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстандық қақпашы негізгі құрамда алаңға шығып, алғашқы минуттардан-ақ неміс клубының қарқынды шабуылдарына төтеп беруге мәжбүр болды. 10-минутта Покатилов Феликс Нмечаның соққысын қайтарғанымен, допқа бірінші болып жеткен Серу Гирасси есеп ашты. Кейін отандасымыз бірнеше қауіпті соққыны тойтарып, Джоуи Верманның айып добынан бағыттаған соққысын да қайтарды. 39-минутта Эйден Маккарти «Сабахтың» таразы басын теңестіруіне көмектесті. Алайда екінші таймда Гирасси дубль авторы атанып, «Боруссияға» 2:1 есебімен жеңіс сыйлады.
Ойын күнінің басты кездесуі Парижде өтті. ПСЖ мен «Барселона» арасындағы тартысты матчта каталониялықтар екі мәрте есепті теңестіргенімен, соңғы минуттарда алаң иелері басымдық танытты. Витинья мен Фабиан Руистің голдары француз клубына 4:2 есебімен жеңіс әкелді. Ал Манчестерде «Сити» грекиялық АЕК командасын 5:1 есебімен ойсырата жеңді. Кездесудің басты қаһарманы атанған Фил Фоден хет-трик жасады.
«Ливерпуль» мен «Наполидің» матчтары да голға бай болды. Ағылшын клубы испаниялық «Вильярреалды» 4:3 есебімен жеңсе, неапольдік команда дәл осындай нәтижемен норвегиялық «Буде-Глимттен» басым түсті. Римдік «Рома» Братиславаның «Слованын» 4:0 есебімен тас-талқан етті. Ал нидерландтық ПСВ сырт алаңда «Портуды» 1:0 есебімен ұтты.
Қалған екі кездесуде жеңімпаз анықталған жоқ. Түркиялық «Фенербахче» мен прағалық «Славия» 2:2 есебімен тең түссе, германиялық «Штутгарт» пен мадридтік «Атлетико» бір-бір голдан соғып, ұпай бөлісті -1:1.
Алғашқы ойын күнінің нәтижелері. УЕФА Чемпиондар лигасы. Жалпы кезең. 3-тур
«Фенербахче» (Түркия) – «Славия» (Чехия) – 2:2.
«Сабах» (Әзербайжан) – «Боруссия» Дортмунд (Германия) – 1:2.
«Ливерпуль» (Англия) – «Вильярреал» (Испания) – 4:3.
«Манчестер Сити» (Англия) – АЕК (Грекия) – 5:1.
«Наполи» (Италия) – «Буде-Глимт» (Норвегия) – 4:3.
ПСЖ (Франция) – «Барселона» (Испания) – 4:2.
«Порту» (Португалия) – ПСВ (Нидерланд) – 0:1.
«Рома» (Италия) – «Слован» Братислава (Словакия) – 4:0.
«Штутгарт» (Германия) – «Атлетико» Мадрид (Испания) – 1:1.