Перес жасанды интеллект көмегімен Моуриньюны «Реалға» қайтарды
Флорентино Перес сайлау қарсаңында Жозе Моуриньюны қайтадан мадридтік «Реалмен» байланыстырып, футбол әлемін дүр сілкіндірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Мадрид клубы президентінің сайлауалды ролигінде португалиялық маман күтпеген жерден «Реалдың» жейдесімен пайда болды. Бейнежазбада Моуринью қысқа ғана «Иә!» деп жауап береді. Ал роликтің өзі: «Моумен әлі талай тарих жазамыз» деген ұранмен жарияланды.
Перес Моуриньюның оралуына ишара жасады
Флорентино Перес ролик барысында жанкүйерлерге үлкен өзгерістер болатынын да меңзеді.
«Жозе Моуринью мен Ибраима Конате - менің алғашқы трансферлерім болады. «Реал» жанкүйерлері менің кім екенімді біледі. Бізде керемет команда құрылады»,-деді Перес.
Видео жарияланғаннан кейін испандық жанкүйерлер арасында Моуриньюның «Реалға» қайта оралуы мүмкін деген әңгіме бірден қыза түсті.
Моуринью видеоға қатысты пікір білдірді
Алайда көп ұзамай жағдай басқа арнаға бұрылды. Record басылымының мәліметінше, португалиялық маман «Бенфика» басшылығына бұл роликке қатыспағанын айтты.
Моуриньюның сөзінше, бейнежазба жасанды интеллект көмегімен жасалған.
Қазіргі таңда ол португалиялық «Бенфиканы» жаттықтырады. Ал мадридтік «Реалды» 2010-2013 жылдар аралығында басқарған еді. Оның тұсында команда Испания чемпионатын жеңіп алып, сондай-ақ Кубок пен Суперкубокты иеленді.
«Реалдағы» сайлау 7 маусымда өтеді
Мадрид клубындағы президент сайлауы 7 маусымға белгіленген. Перестің басты қарсыласы - испаниялық кәсіпкер Энрике Рикельме.
Бұған дейін Флорентино Перес Килиан Мбаппе, Винисиус Жуниор және Джуд Беллингемнің болашағына қатысты да пікір білдірген болатын.