Шавкат Рахмонов жұбайымен татуласты ма? Заңгер ажырасу жайлы мәлімдеме жасады
Қазақстандық UFC жауынгері Шавкат Рахмонов пен жұбайы Гүлайымның ажырасу процесі әзірге аяқталған жоқ. Бұл туралы спортшының мүддесін қорғаған заңгер Мейірман Шекеев мәлімдеді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Заңгердің айтуынша, ерлі-зайыптылар белгілі бір кезеңде ажырасуға өтініш бергенімен, кейін өзара келісімге келіп, құжаттарын кері қайтарып алған.
Ажырасу рәсімі ресми түрде аяқталмаған
Мейірман Шекеевтің сөзінше, қазіргі таңда Рахмонов пен жұбайы заң жүзінде әлі ажырасқан жоқ.
«Мен олардың бәрі реттеледі деп үміттенемін. Шавкаттың жақында қызы дүниеге келді. Қыз бала ер азамат үшін өте жақын жан болады. Сондықтан мұндай жағдайда асығыс шешім қабылдаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бастапқыда олар ажырасуға өтініш берген еді, бірақ кейін татуласып, өтініштерін қайтарып алды. Қазір жағдай осы күйінде қалып отыр. Бұл отбасы болғандықтан, олар қайта жарасады деп сенемін» ,- деді заңгер.
Отбасылық жанжал әлеуметтік желіде қызу талқыланды
Бұған дейін Гүлайым әлеуметтік желіде Шавкат Рахмоновпен айырылысқанын жариялап, спортшыны балаларынан бас тартты деп айыптаған болатын. Ерлі-зайыптылардың төрт баласы анасымен қалды. Сол кезде Гүлайым бесінші сәбиіне жүкті болған еді.
Кейінірек ол көлемді сұхбат беріп, отбасыдағы келіспеушіліктің басты себептерінің бірі ретінде Шавкаттың анасымен арадағы жанжалды атаған.
Рахмоновтың октагонға оралуы кейінге шегерілді
Шавкат Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың желтоқсанында ирландиялық Иэн Гэрриге қарсы өткізді. Қазақстандық файтер төрешілер шешімімен жеңіске жетіп, UFC чемпионы атағына негізгі үміткерлердің бірі мәртебесін сақтап қалды.
Кейін Рахмонов чемпиондық белдік үшін жекпе-жек өткізуі тиіс болғанымен, тізесіндегі жарақатына байланысты кездесуден бас тартуға мәжбүр болды. Операциядан кейін спортшы қайта ота жасатып, октагонға оралу мерзімі кейінге шегерілді.
