Қорқынышты кадрлар: Ришарлисон Бразилия жаттығуында Анчелоттидің аяқтарын сындырып ала жаздады
Бразилия құрамасы әлем чемпионатына белсенді дайындалып жатыр, алайда соңғы жаттығулардың бірінде «селесаоның» жоспары ойдағыдай жүзеге аспады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Әлемнің бес дүркін чемпиондары жаттығу кезінде доппен түрлі тапсырмаларды орындап жатқан. Дәл осы сәтте Ришарлисон ойын снаряды үшін таласта бас бапкері Карло Анчелоттиді байқамай, сырғанап барып соқтығысып, бапкерді жерге құлатты.
Әлеуметтік желілерде вирусқа айналған бұл видеоны бір тәуліктен аз уақытта бір жарым миллион адам тамашалады. Ролик оқиғаның немен аяқталғанын көрсетпейді, бірақ италиялық маманға медициналық көмек көрсетілгенін байқауға болады.
Айта кетейік, бұған дейін Неймар жарақатынан толық айықпаса да, әлем чемпионатына арқасына он нөмірін тағып баратыны белгілі болды.