«Ол қалғысы келе ме, жоқ па»: Моуринью Винисиус жайлы пікір білдірді
«Реалдың» бас бапкері Жозе Моуринью Ла Лигадағы бірінші турдағы «Эспаньолға» қарсы матч алдында шабуылшы Винисиус Жуниордың деңгейін бағалады, деп хабарлайды Sports24.kz.
«Винисиус әлемнің үздігі ме, үздік үштікке немесе үздік ондыққа кіре ме — мен бұндай рейтингтерді бағалауды ұнатпаймын. Бірақ ол сөзсіз әлемнің ең үздік футболшыларының бірі. Ал үздіктер дәл осы жерде ойнауы керек. Бұрын оның басқа бапкерлермен неге қиындықтары болғанын білмеймін.
Ол менің тактикалық тұрғыда не қалайтынымды тамаша түсінеді. Ойымша, ол бақытты, біздің ойындарға дайындығымызға сенімді, жеңіске ұмтылады. Әрбір қысқа әңгімеміз «Дамуды жалғастырайық, қайтадан жеңіске жетейік және бақытты болайық» деген сөздермен аяқталады», – деп келтіреді Моуриньюдің сөзін «Реалдың» ресми сайты.
Сонымен қатар, ол Винисиустың келісімшартын ұзарту процесі қалай өткенін айтып берді.
«Бұл жаңалық мен үшін таңсық болған жоқ. Клубқа келгенімде оның келісімшарттық жағдайын айтқанда, ең бірінші сұрағаным: «Ол қалғысы келе ме, жоқ па?» болды. Ол қалғысы келді. Одан әрі барлығы сандар мен агенттеріне байланысты еді, бірақ оның ниеті қалу болды. Сол кезде мен мүлде алаңдамадым», – деді «Реалдың» бапкері.
Винисиус «Реалмен» келісімшартын 2032 жылдың жазына дейін тамыз айының басында ұзартты.
Винисиус 2018 жылдың жазынан бері «Реалда» ойнап келеді. Мадридтік клубқа футболшы бразилиялық «Фламенгодан» 45 млн еуроға ауысқан. Өткен маусымда ол «Реал» сапында 53 матч өткізіп, 22 гол және 14 нәтижелі пас берді.