Месси отбасының өкілдері Леоның әкесінің денсаулығына қатысты мәліметтерді жариялады
Лионель Мессидің отбасы Леоның әкесі Хорхе Мессидің денсаулығына байланысты соңғы жаңалықтарға орай жанкүйерлерге арнайы мәлімдеме жасады.
Месси отбасы қалыптасқан жағдайда түсіністік пен құрмет сұрайды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазіргі таңда Хорхе Месси денсаулығына байланысты айтарлықтай қиындықтарға тап болып отыр. Ол дәрігерлердің бақылауында, қалпына келу үстінде және қалыптасқан жағдайды ескере отырып, оң динамика танытуда.
«Соңғы сағаттарда тарап жатқан хабарламаларға, алып-қашпа әңгімелер мен болжамдарға байланысты, отбасы бұл өте жеке, отбасылық мәселеге кейбір адамдардың жеткілікті такт, құрмет пен ұстамдылық танытпағанына қатты алаңдаушылық білдіреді.
Сондай-ақ, отбасы Хорхе туралы нақты әрі шынайы ақпарат тек жақын туыстарында ғана бар екенін нақтылауды жөн санайды. Сондықтан, отбасы мен оның ресми арналары арқылы тікелей таратылмаған кез келген нұсқа, мәлімдеме немесе ақпаратты сенімді не шынайы деп қабылдамауды сұраймыз.
Осындай сәттерде жауапкершілікке, сабырлылыққа және адамгершілікке шақырамыз. Адам денсаулығы мен оның жақындарының тыныштығы БАҚ тарапынан алып-қашпа әңгіменің немесе жауапсыз назардың нысаны болмауы тиіс.
Біз көрсетілген ілтипат, құрмет пен қамқорлық үшін шын жүректен алғыс айтамыз. Хорхе мен бүкіл отбасының жеке өмірі мен құпиялығына осы кезеңде түсіністікпен қарап, құрмет көрсетулеріңізді сұраймыз.
Кез келген ресми жаңартулар отбасымен тиісті арналары арқылы жедел түрде хабарланып отырады. Құрметпен, түсіністік танытқандарыңызға алғыс білдіреміз», - делінген отбасы мәлімдемесінде.
Айта кетейік, Аргентина құрамасының аңыз шабуылшысы Әлжирге қарсы матч кезінде әкесінің денсаулығына байланысты өз эмоциясын ұстай алмады. Кеше өткен Әлжирге қарсы ойында Мессидің көз жасына себеп болған да осы жағдай еді.