Месси Аргентина құрамасынан кеткеннен кейін жұбайы оған жүрекжарды үндеу жолдады
Лионель Мессидің жұбайы Антонелла Рокуццо күйеуінің Аргентина құрамасынан кету туралы шешіміне байланысты оған арнап жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Антонелла футболшыға Instagram парақшасы арқылы үндеу жолдады.
«Осы кезеңді осылай аяқтағаныңды көріп, сені мақтан тұтамын. Қаншама жыл, қаншама сәт, қаншама қуаныш және, әрине, тағдырдың қаншама соққысы болды. Мен сенің қиналғаныңды, құлағаныңды және қайта тұрғаныңды көрдім. Бір нәрсе ойдағыдай болмаған кезде де алға қарай жүре бергеніңді және әрдайым қайтадан талпынып көргеніңді көрдім. Арада қаншама жыл өткен соң, армандарыңның орындалғанын көру және өміріміздегі ең бақытты күндердің бір бөлігін сенімен бірге өткізу бақыты бұйырды.
Бірақ осы оқиғаның барлығында мені ерекше толғандыратыны – балаларымыздың осының бәрін жақыннан көріп өскені. Олар әкелерінің қалаған нәрсесі үшін күрескенін, берілмегенін және соңына дейін сенімін жоғалтпағанын көрді. Кейін олар сенің бәріне қол жеткізіп, әлем чемпионатының кубогын көтерген сәтіңе куә болды», – деп жазды футболшының жұбайы.
Оның айтуынша, бір күні балалары әкелерінің тарихының қаншалықты ұлы екенін шын мәнінде түсінеді.
Мессидің дебюттегі қызыл қағазынан әлем чемпиондығына дейін: Аргентина құрамасындағы жолы қандай болды
«Ал бүгін олар жай ғана әкелерін мақтан тұтады. Ал мен сені мақтан тұтамын. Сенің жолыңды, еңсерген қиындықтарыңның бәрін және ең бастысы, осы сәттердің әрқайсысының артында тұрған адамды мақтан етемін. Осының бәрін сенің жаныңда бірге өткеру – қандай бақыт. Біз сені шексіз жақсы көреміз», – деп қорытындылады ол.
Бұған дейін Лионель Месси Аргентина құрамасындағы мансабын аяқтайтынын ресми түрде растаған болатын. Ол енді ұлттық құраманың жейдесін киіп алаңға шықпайды.