Мбаппе Франция құрамасындағы 50-ші голын соғып, аңыз ойыншыларды қуып жетіп келеді
Килиан Мбаппе Франция ұлттық құрамасы сапындағы мерейтойлық, 50-ші голын соқты.
Мадридтік «Реал» шабуылшысы Ұлттар лигасының қола жүлдесі үшін өткен ойында Германия құрамасына қарсы бірінші таймның соңында, яғни 45-минутта есеп ашты.
Бұл нәтиже 26 жастағы футболшының мансабындағы маңызды кезең болды: енді оның еншісінде 90 матчта соғылған 50 гол бар. Осы көрсеткішпен Мбаппе Франция құрамасы тарихындағы үздік сұрмергендер тізімінде үшінші орынға шықты. Ол тек Тьерри Анри (51 гол) мен Оливье Жируге (57 гол) жол береді.
Турнирдің жартылай финалында Германия құрамасы Португалиядан 1:2 есебімен жеңілсе, Франция құрамасы Испаниямен болған тартысты ойында 4:5 есебімен ұтылды. Айта кетейік, француздар Ұлттар лигасының жеңімпазы атанған болатын – бұл жетістікке олар 2021 жылы жеткен еді.
Ал Германия мен Франция арасындағы соңғы кездесу 2024 жылы өткен жолдастық матчта тіркелді. Ол ойында неміс құрамасы 2:0 есебімен жеңіске жеткен болатын.