Франция Германияны жеңіп, 2024/25 жылғы Ұлттар лигасының қола жүлдегері атанды
«Штутгарт Арена» стадионында 2024/2025 жылғы УЕФА Ұлттар лигасының үшінші орын үшін матчы өтті.
Бұл кездесуде Франция мен Германия ұлттық құрамалары күш сынасты. Қарсыластар арасындағы ойын 2:0 есебімен француздардың пайдасына аяқталды. Кездесуді Словакиялық төреші Иван Кружляк басқарды.
Алғашқы гол бірінші таймның қосымша минутында – 45+1-минутта соғылды. Бұл сәтте Килиан Мбаппе Орельен Тчуаменидің пасынан кейін есеп ашты. Екінші таймда, 53-минутта, Германия ойыншысы Дениз Ундав Флориан Вирцтің берген пасынан кейін таразы басын теңестіргендей болды. Алайда VAR жүйесінің көмегімен эпизодты қайта қараған төреші ойын ережесінің бұзылғанын анықтап, голды есепке алмады.
Ойынның аяқталуына аз уақыт қалғанда – 84-минутта Майкл Олисе Килиан Мбаппенің нәтижелі пасын голға айналдырып, Франция құрамасының басымдығын еселеді.
Еуропа: Ұлттар лигасы УЕФА – А Лигасы – Плей-Офф – 3-орын.
Германия – Франция – 0:2
Голдар: 45, Мбаппе, 84, Олисе
Бұл ойын УЕФА Ұлттар лигасының А лигасы плей-офф кезеңіндегі үшінші орын үшін матч болатын. Жартылай финалда Германия Португалиядан 1:2 есебімен ұтылса, Франция құрамасы Испаниямен болған тартысты ойында 4:5 есебімен жеңілген еді. Айта кетейік, «үш түсті» команда бұған дейін де, нақтырақ айтқанда 2021 жылы, Ұлттар лигасының жеңімпазы атанған болатын.