Мансаптағы ең қиын кезең: Сатпаевтың қарсыласы – футболға оралу туралы
«Челсидің» вингері Михаил Мудрик ақыры өз мансабындағы ең ауыр бетті жаба алатын күнге жетті. Украиналық футболшыға созылған допинг дағдарысынан кейін футболға бірден оралуға рұқсат берілді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Лондондық клубтың украиналық вингері антидопингтік тергеу аяқталған соң ресми мәлімдеме жасады.
Бұған дейін Англия футбол қауымдастығы барлық тараптардың, соның ішінде Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің қатысуымен келісімге келгенін, нәтижесінде Мудрикке салынған дисквалификация толық өтелген деп танылғанын растады. Енді украиналық футболшы жарыстарға бірден қайта орала алады.
«Ұзақ күрестен кейін маған салынған төрт жылдық дисквалификация алынып тасталды, енді өз мансабымды қайта жалғастыра аламын.
Бұл үдерістің аяқталғанына, футболға қайта оралуыма рұқсат берілгеніне және алға ұмтылуға мүмкіндік алғаныма алғысым шексіз. Бұл менің мансабымдағы ең қиын кезең болды», — деді Мудрик.
Украиналық ойыншы ешқашан әдейі немесе саналы түрде тыйым салынған заттар қолданбағанын тағы да атап өтті. Сондай-ақ, ол өз отбасысына, достарына, «Челси» командасының әріптестеріне, жанкүйерлерге және заңгерлік тобына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.
Мудрик қазір бар күшін футболға қайта оралуға жұмсап жатқанын, күн сайын тынымсыз еңбектеніп, ойыны арқылы командаға оң әсер етуді көздеп жүргенін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін «Туран» клубының бапкері Виктор Кумыков Сатпаевты Мудриктен күштірек деп санайтынын, егер бәсеке туындаса, украиналық вингердің алаңға шыға алмай қалуы немесе «Челсиден» кетуі мүмкін екенін мәлімдеген еді.