«Мудрик Дастаннан төмен»: Қазақстан құрамасының бұрынғы бапкері Сәтпаевтың артықшылықтарын атады
Астаналық «Жеңіс» клубының бас бапкері әрі Қазақстан құрамасының бұрынғы жаттықтырушысы Әли Әлиев Sports24.kz тілшісімен әңгімеде Дастан Сәтпаев пен Михаил Мудрикті салыстырып, қазақстандық ойыншының басты артықшылықтарын атап өтті.
Михаил Мудрик «Челсиге» қайта жаттығуға қосылды
Украиналық футболшы қайта ойнауға рұқсат алды – Спорттық арбитраждық соты (CAS) оған төрт жылға берілген допинг ережесін бұзғаны үшін жазаны ішінара жеңілдеткен соң.
Вингер 2024 жылдың қарашасынан бері ресми матчтарға қатыспаған еді. Сол жылдың желтоқсанында оның допинг сынамасынан мельдоний табылып, уақытша шеттетілген болатын. Кейін Мудрик төрт жылға футболдан аластатылып, бұл шешімді CAS-қа апелляциялаған.
30 шілдеде Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің қатысуымен келісім жасалып, футболшы бірден жарыстарға оралуға мүмкіндік алды. Бұған дейін «Челси» клубы Мудриктің қайта оралуын және толық физикалық дайын болуын күтіп отырғандарын мәлімдеген.
Осы жағдайға байланысты Әлиев украиналық ойыншының қазіргі мүмкіндіктеріне баға беріп, оны Сәтпаевпен салыстырды.
«Бұлай ұзақ үзілістен кейін ойын ырғағына қайта келу өте қиын. Айқын мысалдар бар – сол Погба, бізден Исламхан. Жоғалтқан бабын қайта табу оңай емес. Менің ойымша, Мудрик Дастаннан төмен. Дастан өзіне берілген мүмкіндіктерді әлдеқайда нәтижелі пайдаланып жүр. Шабуыл соңындағы нәтижелілігі өте жоғары.
Дастанды көбірек орталық шабуылшы деуге болады, ол қанатта ойнайтын ойыншыдан гөрі шабуылда өзін жақсы көрсетіп жүр. Екі аяқпен де тамаша соққы жасай алады, кеңістікке шапшаң еніп, өзіне тән шабуылшы қасиеттерін таныта алды», – деді маман.
Айта кетейік, Сәтпаев бұған дейін «Челси» сапында алғашқы голын Австралияның «Вестерн Сидней Уондерерс» командасына қарсы жолдастық кездесуде соққан.
Қазақстандық комментатор Әлімжан Тасболатұлының пікірінше, Сәтпаевтың басты бәсекелесі Роджерс болып табылады, ал Мудриктің оралуын қазақстандық үшін тікелей бәсеке деп қарастыруға болмайды.