locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Мудрик – «Челсидегі» үшінші таңдау: сарапшы Сатпаевтың бәсекелестерін атады

Алимжан Тасболатұлы украиналық футболшының оралуы Дастанға тікелей қауіп төндірмейді деп санайды
ФОТО: Getty Images

Қазақстандық комментатор Алимжан Тасболатұлы Sports24.kz тілшісіне берген сұхбатында Дастан Сатпаевтың Лондонның «Челси» клубындағы бәсекелестігін бағалап, қазақстандық ойыншыға арендаға кету туралы ойлану керек пе деген сұраққа жауап берді.

Маманның пікірінше, Сатпаевтың вингер позициясындағы басты қарсыласы Михаил Мудрик емес, жақында «Челси» 117 миллион еуроға сатып алған Морган Роджерс.

«Сатпаевтың бірінші қарсыласы Мудрик емес. Бұл – жақында 117 миллионға сатып алынған Морган Роджерс. Ағылшын ойыншысы дәл сол вингер позициясында қарастырылатын болады, ал Дастан, өткен ойында көргеніміздей, таза шабуылшы емес, сол жақ вингер», – деді Алимжан.

Тасболатұлы «Челси» сапында бұл позицияда ойнай алатын бірнеше футболшы бар екенін атап өтіп, негізгі құрамға талас өте жоғары болатынын айтты.


«Барлығы Дастан қалады деп айтады, бірақ ол арендаға кетуі мүмкін сияқты. Морган Роджерс, Джейми Гиттенс, Педру Нету – барлығы осы позицияда ойнай алады. Бәсеке өте қатал. Меніңше, Дастанға “Страсбургке” арендаға кетіп, тұрақты ойын тәжірибесін жинағаны дұрыс.

Бірақ егер Хаби Алонсо келіп: «Дастан, не қалайсың? Мен сені қалдырғым келеді, бірақ ойын уақытың аз болады» десе, онда Дастан үшін қалу дұрыс шешім. Ол мықты ойыншылармен жаттығып, деңгейін көтереді, ал қажет кезде жастар құрамасының матчтарына қатыса алады.

Керісінше, егер Алонсо: «Мен саған аса сенбеймін. Басқа клубқа кете бер», десе, онда Дастан үшін «Страсбургке» кету ең дұрыс таңдау болады», – деп бөлісті сарапшы.

«Мудриктің оралуы – Сатпаевқа тікелей бәсеке емес»

Комментатордың айтуынша, украиналық футболшының дисквалификациядан кейінгі оралуы Сатпаевтың негізгі құрамдағы орны үшін күресімен тікелей байланысты емес.

«Мудриктің оралуы Сатпаевқа тікелей бәсеке емес. Себебі бұл позицияда Роджерс пен Гиттенс бар, сондықтан қазір Мудрик – тек үшінші таңдау. Оның үстіне, Мудрик бұрынғы формасына орала ма, ол да белгісіз», – деп атап өтті Тасболатұлы.

Мудрик командамен жаттығуға қайта қосылды

Украиналық ойыншы Спорттық арбитраж сотының (CAS) шешімінен кейін, оның төрт жылдық дисквалификациясына қатысты апелляциясын ішінара қанағаттандырған соң, қайтадан ойнау мүмкіндігіне ие болды.

Шабуылшы 2024 жылдың қарашасынан бері ресми матчтарға шықпаған еді. Сол жылдың желтоқсанында оның допинг сынамасынан тыйым салынған мельдоний заты табылып, уақытша шеттетілген болатын. Кейіннен Мудрик төрт жылға дисквалификация алды, бірақ бұл шешімге CAS-қа шағымданды.

Шілде айының соңында тараптар Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің қатысуымен келісімге келіп, Мудрикке жарыстарға бірден қайта оралуға рұқсат берілді. «Челси» футболшыны қайта құрамға қосуға дайын екенін мәлімдеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Туран» командасының бапкері Виктор Кумыков Сатпаевты Мудриктен мықты деп санайтынын айтып, украиналық вингер бәсекеге төтеп бере алмаса, орындықта қалып немесе «Челсиден» кетуі мүмкін екенін жоққа шығармаған еді.

Темірбеков Самрат
Темірбеков Самрат
Журналист
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie