«Манчестер Сити» Родри бойынша алғашқы ұсынысты қабылдамады: не болды?
«Барселона» Родриді қатарына қосу үшін алғашқы қадамын жасады, алайда «Манчестер Сити» ұсынысты қабылдамады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Журналист Бен Джейкобстың мәліметінше, каталониялық клуб 30 жастағы жартылай қорғаушы үшін шамамен 45 миллион еуро ұсынған. Алайда ағылшын клубы бұл соманы жеткіліксіз деп есептеп, ойыншыны кемінде 75 миллион еуроға бағалап отыр.
Соған қарамастан, «Барселона» келіссөздерден бас тартпайды. Клуб жаңа ұсыныс әзірлеп жатыр. Сонымен қатар Родридің өзі каталониялықтармен жеке келісімшарттың барлық талаптарын алдын ала келісіп қойғаны хабарланды.
Өткен маусымда испаниялық футболшы Англия Премьер-лигасында 21 матч өткізіп, бір гол соқты. Бұдан бөлек, Чемпиондар лигасында бес ойынға қатысты.

Еске салсақ, бұған дейін Родридің агенті Пабло Баркеро футболшының мадридтік «Реалдың» қызығушылығына қарамастан, мансабын «Барселонада» жалғастыруды таңдағанын айтқан еді. Оның сөзінше, жартылай қорғаушы бұл шешімі туралы «Реал» басшылығына алдын ала құрмет белгісі ретінде хабарлаған. Сондай-ақ бұған дейін трансфер құны шамамен 60 миллион еуроны құрауы мүмкін екені және «Барселонаның» ойыншымен жеке келісімшарт талаптарын келісіп қойғаны хабарланған.