«Манчестер Сити» Холандты 175 миллион еуроға сатуға дайын
Англиялық «Манчестер Сити» Норвегия құрамасының шабуылшысы Эрлинг Холандпен қоштасуға дайын соманы белгіледі. 26 жастағы форвардқа Еуропаның бірнеше алпауыты қызығушылық танытып отыр, деп хабарлайды Sports24.kz El Nacional-ға сілтеме жасап.
Дереккөздің мәліметінше, «қалалықтар» басшылығы норвегиялық футболшыны 2027 жылғы жазғы трансферлік кезеңде сатуды қарастырып отыр. Қолайлы ұсыныс түскен жағдайда клуб ойыншыны сатудан 175 миллион еуро пайда табуды көздейді.
Холандқа үміткер болуы мүмкін клубтардың қатарында мадридтік «Реал», «Барселона», француздың ПСЖ-сы мен Англияның «Ливерпулі» аталады. Шабуылшымен қоштасу мүмкіндігінің бір себебі — «Манчестер Ситидің» қаржылық ісіне қатысты белгісіздік.
Холанд 2022 жылдан бері манчестерлік клубта өнер көрсетіп келеді. Сол жылы ол дортмундтық «Боруссиядан» 60 миллион еуроға ауысты.
Transfermarkt дерегінше, норвегиялық футболшының қазіргі нарықтық құны — 220 миллион еуро. Ол «Барселона» вингері Ламин Ямальмен бірге әлемдегі ең қымбат футболшылар рейтингінің көшін бастап тұр.
Холандтың «Манчестер Ситимен» келісімшарты 2034 жылдың жазына дейін жарамды, ал футболшы бұған дейін ағылшын клубына адалдығын мәлімдеген. Алайда 2022/23 жылғы Чемпиондар лигасының жеңімпазы төменгі дивизионға түсірілсе, жағдай өзгеруі мүмкін.