Еуро іріктеуінде Қазақстан топ жеңімпазы атанды
Қазақстанның футболдан жасөспірімдер құрамасы (U-17) 2027 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінің бірінші раунды аясындағы соңғы матчта Грузиямен тең түсті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бірінші тайм алаң иелерінің басымдығымен өтті. 42-минутта Андрия Очигаваның голы грузин командасын алға шығарды.
Қазақстандықтар матч соңында жеңілістен құтылды. 87-минутта Әли Садырбаев қарсылас қақпасына гол соғып, есепті теңестірді — 1:1.
Осылайша, Русланжан Раимбаевтың шәкірттері төрт ұпай жинап, 14-топта бірінші орын алды. Бұған дейін қазақстандықтар Австрияны 7:0 есебімен ойсырата жеңген еді.
Екі ұпай жинаған Грузия екінші орынға жайғасты. Австрия құрамасы бір ұпаймен іріктеу кезеңін соңғы орында аяқтады.
Бірінші раундтың қорытындысы бойынша Қазақстан іріктеудің екінші кезеңіндегі А лигасына жолдама алды. Бұл кезеңге барлығы 28 құрама — топ жеңімпаздары мен екінші орын алған командалар шығады. Тағы 26 ұлттық құрама В лигасында күресін жалғастырады.
Іріктеудің екінші раунды 2027 жылдың көктемінде өтеді. Оның қорытындысы бойынша Еуропа чемпионатының финалдық кезеңінде турнир қожайыны Латвияға қосылатын жеті құрама анықталады.