«Барыс» Хантер Шепардтың кеткенін ресми түрде жариялады
Астаналық «Барыс» америкалық қақпашы Хантер Шепардпен ынтымақтастықты тоқтатқанын жариялады, деп хабарлайды Sports24.kz.
31 жастағы хоккейшімен жасалған келісімшарт тараптардың өзара келісімі бойынша бұзылды. Бұл туралы қазақстандық клубтың баспасөз қызметі хабарлады.
Шепард «Барысқа» 2026 жылдың жазында қосылды. ҚХЛ тұрақты чемпионатының биылғы маусымында америкалық қақпашы 13 матч өткізіп, төрт жеңіске жетті. Оның сенімділік коэффициенті 3,37-ні, ал соққыларды қайтару көрсеткіші 87,5 пайызды құрады. Бір матчта қақпасын голдан аман сақтады.
«Барыс» қақпашыға атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, алдағы мансабына табыс тіледі.
Бұған дейін «Барыс» тағы бір қақпашымен келісімшартқа отырғанын жариялады: Челябінің «Тракторынан» ресейлік Дмитрий Николаев клубқа қосылды. Тараптар алмасу туралы келісіп, оның шарттары бойынша ресейлік команда ақшалай өтемақы алды.
«Барыс» Ресей құрамасының бұрынғы қақпашысымен 5 мың теңгеге күшейді: ол туралы не белгілі
Еске салайық, Михаил Кравец шәкірттері ҚХЛ тұрақты чемпионатындағы ойындарын жалғастырып жатыр. Астаналық клуб келесі матчын 18 қарашада Уфаның «Салават Юлаевына» қарсы өткізеді.
26 ойыннан кейін «Барыстың» еншісінде 29 ұпай бар. Команда Шығыс конференциясында бесінші орында келеді.