Эльдар Аманбаев «Қызылжарда» мансабын жалғастыруы мүмкін
Медиаменеджер әрі журналист Эльдар Аманбаев Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететін екі клубтан жұмысқа шақырту алды. Қызылордалық «Қайсардан» бөлек, петропавлдық «Қызылжар» да оның кандидатурасына қызығушылық танытқан.
Бұған дейін Sports24.kz Аманбаевтың ҚПЛ-2026 маусымы аяқталғаннан кейін «Қайсар» клубында басшылық қызметке тағайындалуы мүмкін екенін жазған болатын. Сол кезде оған Қазақстанның екі клубынан ұсыныс түскені, олардың бірі елдің оңтүстігінде, екіншісі солтүстігінде орналасқаны айтылған еді.
«Қайсар» Эльдар Аманбаевқа қызмет ұсынды
Оңтүстіктегі клубтың «Қайсар» екені белгілі болды. Енді медиаменеджердің қызметіне қызығушылық танытқан екінші команда Петропавл қаласының «Қызылжары» екені анықталды.
Әзірге тараптар одан әрі ынтымақтастық орнату жөнінде түпкілікті шешім қабылдаған жоқ. Келіссөздер мен ықтимал тағайындаулар қазіргі маусымның аяқталуына байланысты болмақ.
Эльдар Аманбаев жанкүйерлерге Qazsport телеарнасындағы жұмысымен және AmanVibe Telegram-арнасын жүргізуімен танымал.