Каррик «Манчестер Юнайтедтің» Чемпиондар лигасындағы «Ромаға» қарсы матчтағы камбэгі туралы пікір білдірді
«Манчестер Юнайтед» бас бапкері Майкл Каррик Чемпиондар лигасы аясында «Романы» жеңгеннен кейін пікір білдірді. Ағылшын клубы сәтсіз өткен бірінші таймнан соң матч барысын өзгерте алды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Каррик үзіліс кезінде киім ауыстыратын бөлмеде командасына не айтқанын да айтып, «Олд Траффордтағы» атмосфера манкуниандықтардың нәтижеге жетуіне неліктен көмектескенін түсіндірді.
«Олд Траффордта» өткен кездесу ағылшын клубының пайдасына 3:2 есебімен аяқталды. Алайда үзіліске қарай манкуниандықтар екі доп айырмасымен ұтылып жатқан еді. Ойын қайта басталғаннан кейін Бруну Фернандеш пенальтиді дәл орындаса, Матеус Кунья дубль жасап, алаң иелеріне жеңіс сыйлады. Осылайша, «Манчестер Юнайтед» жеңіссіз өткен тоғыз матчтан тұратын сериясын үзді.
Кездесу аяқталған соң Каррик шәкірттерінің мінезіне ерекше риза екенін айтып, жанкүйерлерге қолдауы үшін алғыс білдірді.
«Бүгінгі кешті, әсіресе ойыншыларды мақтан тұтамын. Осындай қиын жағдайда матчты өз пайдасына аяқтай алғаны үшін олар үлкен құрметке лайық. Жанкүйерлерді де атап өткім келеді. Олардың бізге қуаныш сыйлайтын себеп болғанын қаншалықты қалағанын сезіндім.
Үзіліске кеткенде бәріміздің көңіліміз түсіп, қынжылып тұрдық. Бірақ киім ауыстыратын бөлмеде ойыншылармен бұл жердің қандай мүмкіндіктерге ие екені туралы сөйлестім. Мұнда бір сәттің өзі бәрін өзгертіп жіберуі мүмкін. Екінші таймда біз алаңға тамаша көңіл күймен шығып, соңына дейін позитивті болдық. Мен көптеген адамның қуанышын бөлісемін. Бұл – бар болғаны бір жеңіс, сондықтан басымызды айналдырмаймыз. Дегенмен, бұл біз үшін маңызды сәт болды», - деді Каррик.
Сондай-ақ маман бұл жеңіс команда үшін жаңа бастама болып, алдағы матчтар алдында серпін бере ала ма деген сұраққа жауап берді.
«Мен дәл осыны айтып отырмын. Болашаққа тым ұзақ көз жүгірткім келмейді. Бұл маңызды кеш болды деп есептеймін. Кейбір ойыншыларға осы клубта бұған дейін сезінбеген эмоцияларды бастан өткеру қажет еді. Биыл немесе тіпті былтыр келген жігіттер мұндай сезімдерді бастан өткермеген болуы мүмкін.
Мұның нені білдіретінін және дәмі қандай екенін түсіну маңызды. Бұл сөздер қарапайым естілуі мүмкін, бірақ мұндай жағдайдан өзің өтпейінше, тісіңді қайрап, мінездің арқасында жеңісті жұлып алмайынша, оның не екенін түсінбейсің. Енді бәрін саралап, сабыр сақтап, дайындалып, демалыс күндеріндегі тағы бір маңызды ойынға әзір болуымыз керек», - деп атап өтті бапкер.
Каррик «Манчестер Юнайтед» 0:2 есебімен ұтылып жатқан үзіліс кезінде футболшыларға нақты не айтқанын да бөлек баяндады. Бапкердің сөзінше, ол командасын берілмеуге және ойынға қайта оралу мүмкіндіктерін іздеуді жалғастыруға шақырған.
«Үзілісте олардан позитивтірек болуды, ренжіп, ашуланбауды сұрадым. Бірдеңе шықпай, бәрі ойдағыдай болмай жатқанда, ең оңайы – өзіңді аяй бастау. Бірақ мұның ешкімге көмегі жоқ. Ондай жағдайда біз үйге жай ғана қайтып кете алар едік. Біз келесі сәтті және келесі шешімді іздеуіміз керек болды.
Мен оларға: тыңдаңдар, бұл – ерекше орын, дедім. Мен жігіттермен бұл стадионның сиқыры, оның тарихы және олардан бұрын болған оқиғалар туралы тым жиі сөйлескенді ұнатпаймын. Бірақ бұл – шындық: мұнда сиқырлы оқиғалар болады. Бұрын да солай болған, ал болашақта да қайталанады.
Бұл стадионда да, жанкүйерлерімізде де ерекше бір нәрсе бар. Мұндай кештерде біз көбіне қиын жолмен жүреміз, бірақ бір сәттің өзі бүкіл стадионды төңкеріп, оның бағытын мүлде өзгертіп, мүлдем басқа эмоциялар сыйлай алады. Мен жігіттерге триггер болатын бір сәт керек екенін айттым. Нәтижесінде ондай сәт бізде бірнеше рет болды, сол арқылы осындай нәтижеге қол жеткіздік», - деп қосты Каррик.