Алаңда қақпашымен соқтығысқан футболшы қайтыс болды: голкиперді қанішер деп атауда
«Андорраның» 25 жастағы қақпашысы Хесус Овоно «Тенерифеге» қарсы матчтағы қайғылы эпизодтан кейін қорлау мен қоқан-лоқыға тап болды. Қарсылас команда шабуылшысы Хесус де Мигель 3 қарашада қақпашымен соқтығысқаннан кейін ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Әлеуметтік желілердегі қысымға байланысты Овоно Instagram-дағы аккаунтын өшірді.
Не болды?
Қайғылы оқиға Испания чемпионатының екінші дивизионында «Тенерифе» мен «Андорра» арасындағы матч кезінде болды. Овоно қақпасынан алысқа шығып кетіп, де Мигельмен соқтығысты. Оқиғадан кейін шабуылшының жүрегі тоқтап қалды. Дәрігерлердің күш салғанына қарамастан, футболшыны құтқару мүмкін болмады.
Қақпашыны қудалау
Ойын барысында жанкүйерлер голкиперді қанішер деп атап, оған тіл тигізді.
Де Мигельдің қайтыс болғаны туралы хабардан кейін әлеуметтік желілердегі қысым жалғасты. Онда Овоноға қоқан-лоқы да жасалды.
Испаниялық AS басылымының мәліметінше, қақпашы болған жағдайды ауыр қабылдап отыр. Матчтан кейін оны киім ауыстыратын бөлмеде жылап, дұға оқып отырған жерінен көрген. Сонымен қатар Овоно алдымен қаза тапқан футболшының отбасымен жеке байланысып, содан кейін ғана көпшілік алдында мәлімдеме жасағысы келген.
Қақпашының жақындары оның қарсыласына зиян келтіруді көздемегенін айтып отыр. Ал Испания полициясы болған жағдайдың мән-жайын тергеуді бастады.
Хесус де Мигельді еске алу үшін Чемпиондар лигасының төртінші турындағы барлық матч бір минуттық үнсіздікпен басталады.