Каррик Чемпиондар лигасындағы «Ромаға» қарсы ойын алдында «Манчестер Юнайтед» командасындағы ахуалды бағалады
«Манчестер Юнайтед» бас бапкері Майкл Каррик «Ромаға» қарсы алдағы матчтан не күтетінін айтып, мансабындағы ең жарқын ойындардың бірін еске алды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ағылшын маманы команда нәтижелеріне қарамастан, кездесуді асыға күтіп отырғанын мойындады. Сондай-ақ ол ұжым ішіндегі ахуалдың жақсы екенін атап өтіп, футболшылардың клубқа деген адалдығына сенім білдірді.
«Мен ертеңгі матчты шынымен де зор ынтамен күтіп жүрмін. Нәтижелеріміз бен болып жатқан жағдайларды ескерсек, мені жынды деп ойлауыңыз мүмкін, бірақ ертең өз орнымды иеленуді шынымен тағатсыздана күтіп отырмын. Киім ауыстыратын бөлмедегі ахуал жақсы. Қабылдау деген қызық нәрсе: бір жағдайды әртүрлі сипаттауға болады. Бірақ ойыншылардың клубқа және бір-біріне деген адалдығына еш күмәнім жоқ», - деді Каррик.
Сонымен қатар манкуниандықтардың бапкері 2006/2007 жылғы маусымдағы Чемпиондар лигасының ширек финалындағы «Манчестер Юнайтед» «Романы» 7:1 есебімен ойсырата жеңген матчты еске алды. Сол кездесуде Каррик дубль жасаған еді.
«Бұл баяғыда болған еді. Сиқырлы кеш, менің басымнан өткерген ең үздік кештердің бірі, атмосферасы керемет болды. Ал екі гол соға алғаным тіпті ерекше жағдай еді. Ол туралы тамаша естеліктер қалды», - деп бөлісті маман.

2026/27 жылғы маусымның негізгі кезеңіндегі үш ойыннан кейін «Рома» 4 ұпай жинап, турнир кестесінде 15-орында тұр. Бірінші турда римдіктер сырт алаңда түркиялық «Фенербахчемен» тең түсті (1:1), кейін өз алаңында мадридтік «Реалға» камбэк жасауға мүмкіндік беріп, жеңіліп қалды (3:4), ал соңғы матчта өз алаңында братиславалық «Слованды» ойсырата жеңді (4:0).
Ал манкуниандықтар 3 ұпаймен 20-сатыда келеді. Бірінші турда өз алаңында әзербайжандық «Сабахты» ойсырата жеңген (4:0) команда кейін сырт алаңда мадридтік «Атлетикоға» (0:2) және италиялық «Комоға» (1:4) есе жіберді.
Қазақстанда Чемпиондар лигасындағы «МЮ» - «Рома» матчының нәтижесіне болжам жасалды