«Барыс» жарақат алған ойыншыларға қатысты мәлімдеме жасады
Астаналық «Барыс» ҚХЛ тұрақты чемпионаты аясында челябілік «Тракторға» қарсы сырт алаңдағы матч алдындағы жарақат алған хоккейшілердің жағдайы туралы хабарлады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ақпаратты клубтың баспасөз қызметі жариялады.
Всеволод Логвин жалпы топпен екі жаттығу өткізіп, командамен бірге сырт алаңдағы ойынға аттанғаны атап өтілді. Қорғаушы Мәди Диханбек жарақат алғандар тізімінен шығарылды, алайда әзірге Астанада жеке бағдарлама бойынша дайындығын жалғастырып жатыр.
Еске салайық, «Трактор» - «Барыс» матчы бүгін, 4 қарашада өтеді. Кездесу Қазақстан уақытымен 16:00-де басталады. Тікелей трансляция «Qazsport» телеарнасында қолжетімді болады.
«Барыс» сырт алаңдағы соңғы екі матчында жеңіске жетті. Астаналықтар минскілік «Динамодан» (1:0) және «Шанхай Драгонсынан» (4:2) басым түсті. Қытайлық клубқа қарсы ойында шабуылшы Тайс Томпсон хет-трик жасады. Сонымен қатар соңғы бес кездесуде қазақстандық команда екі жеңіске жетті.
«Барыс» 21 матчтан кейін 25 ұпай жинады. «Трактор» дәл осындай ойын санынан кейін 19 ұпайға ие.