«Барыс» «Тракторға» қатарынан төртінші жеңілісті сыйлай ма? ҚХЛ матчқа анонс берді
«Трактор» осы маусымда «Барысқа» қарсы алғашқы матчын өткізеді. Челябі командасы кездесуге қатарынан үш жеңіліспен келіп отыр. Скотт Гордон шәкірттері соңғы рет 26 қазанда жеңіске жеткен. Одан кейін олар Мәскеудің ЦСКА командасына екі рет (1:5 және овертаймда 2:3), сондай-ақ минскілік «Динамоға» (2:3) есе жіберді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Тұрақты чемпионаттағы 21 матчтан кейін «Трактор» 19 ұпай жинап, Шығыс конференциясында соңғы орында тұр. «Сибирь» командасының да дәл осындай ұпайы бар, алайда ол қосымша көрсеткіштер бойынша челябіліктерден жоғары орналасқан. Сегізінші орында тұрған «Салават Юлаевтан» артта қалуы — екі ұпай, делінген ҚХЛ анонсында.
Ал «Барыс» сырт алаңдағы соңғы екі матчында жеңіске жетті. Астаналықтар минскілік «Динамодан» (1:0) және «Шанхайские Драконы» командасынан (4:2) басым түсті. Қытайлық клубқа қарсы ойында шабуылшы Тайс Томпсон хет-трик жасады. Сонымен қатар қазақстандық команда соңғы бес кездесудің екеуінде жеңіске жетті.
«Барыс» 21 матчтан кейін 25 ұпай жинап, Шығыс конференциясында үшінші орында тұр. Астаналықтар өзінен кейін келе жатқан «Ак Барс» командасынан алда.
«Трактордың» нәтижелілігі бойынша көшбасшыларының бірі — қорғаушы Григорий Дронов. Ол осы маусымдағы тұрақты чемпионатта 17 ұпай (4+13) жинаған. Бұған қоса, хоккейші қатарынан үш матчта ұпай еншілеп, бір гол және үш нәтижелі пас берген.
«Барыс» сапындағы басты сұрмерген — Джастин Бэйли. Форвард 21 матчта 22 ұпай (12+10) жинады.
ҚХЛ-дағы соңғы бес ойынның статистикасы бойынша «Трактордың» ең нәтижелі ойыншылары Михаил Григоренко, Борис Катчук және Григорий Дронов болды — әрқайсысы төрт ұпайдан жинады. «Барыста» бұл көрсеткіш бойынша Мэйсон Морелли үздік атанды — оның еншісінде бес ұпай (0+5). Тайс Томпсон төрт ұпай (4+0), ал Джастин Бэйли де төрт ұпай (2+2) жинады.
Командалардың ҚХЛ-дағы өзара кездесулер тарихында 60 жеңіс бар: «Трактор» мен «Барыс» 30 реттен жеңіске жеткен.