Қазақстан құрамасы жасөспірімдер арасындағы Дэвис кубогында: Қаюмов пен Ниетқалиев Каирдегі өнер көрсетуі туралы
Мысырдың Каир қаласында жасөспірімдер арасындағы Дэвис кубогының (Junior Davis Cup Finals) финалдық кезеңі — 16 жасқа дейінгі ұлдар арасындағы теннистен командалық әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Қазақстандық спортшылар үшін турнирдің маңызы мен ұлттық құраманың өнер көрсетуі туралы Қазақстанның Теннис федерациясының спортты дамыту жөніндегі директорының орынбасары Шухрат Қаюмов пен команда ойыншысы Ансар Ниетқалиев айтып берді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Биыл Қазақстан аймақтық іріктеу турнирінде екінші орын алып, финалдық кезеңге жолдама арқылы әлемнің ең үздік 16 құрамасының қатарына енді. Ұлттық құрама сапында Ахмади Маханов, Ансар Ниетқалиев және Родион Трайгель өнер көрсетіп жатыр.
Шухрат Қаюмов мұндай деңгейдегі жарысқа қатысу жас теннисшілердің дамуындағы маңызды кезең екенін атап өтті.
«Жасөспірімдер арасындағы Дэвис кубогы 1985 жылдан бері өткізіліп келеді және 16 жасқа дейінгі ойыншылар арасындағы басты командалық турнир саналады. Қазақстанның әлемдегі ең мықты 16 құраманың қатарына енгенін мақтан тұтамыз. Жас спортшыларымыз үшін бұл — баға жетпес тәжірибе және халықаралық аренада бәсекеге қабілеттілігін сынауға тамаша мүмкіндік. Бізге оңай топ түскен жоқ: қарсыластарымыздың арасында соңғы екі турнирдің жеңімпазы АҚШ және теннистегі жетекші державалардың бірі Франция бар. Мұндай матчтар жас ойыншылардың өсуіне және шеберлігін жетілдіруіне көмектеседі», — деді Шухрат Қаюмов.
Франция құрамасына қарсы алғашқы матчтан алған әсерімен Ансар Ниетқалиев бөлісті. Қазақстандық теннисші Бенуа Гелдофтан 3:6, 3:6 есебімен жеңілді.
«Мұнда әлемнің әр түкпірінен ең мықты жасөспірімдер жиналған, сондықтан әр матч барынша жоғары деңгейдегі шоғырлануды талап етеді. Алғашқы кездесуде ойынды жаман бастаған жоқпын, алайда шешуші сәттерде сәл асығыстық танытып, маңызды ұпайларды пайдалана алмадым. Қарсыласым, әсіресе бір қолмен орындалатын бэкхенд кезінде, сенімді ойнады. Біз Үндістан құрамасымен Шымкентте өткен аймақтық іріктеу турнирінде кездесіп, сол жолы 2:0 есебімен жеңген едік. Осы тәжірибені пайдаланып, ең үздік ойынымызды көрсетуге тырысамыз», — деді Ансар Ниетқалиев.
Еске салайық, Junior Davis Cup Finals турнирінің топтық кезеңінде Қазақстан құрамасы Франция, АҚШ және Үндістан командаларымен бірге өнер көрсетіп жатыр. Топтық кезең қорытындысы бойынша әр топтан үздік шыққан екі құрама ширек финалда чемпиондық атақ үшін күресті жалғастырады.
Тек Beeline клиенттеріне Қазақстан бойынша Starlink спутниктері арқылы алғашқы ғарыштық мобильді байланыс қолжетімді.