Алипке қатысты қауесеттер аясында «Галатасарай» басшылығында екі отставка болды
Ыстамбұлдың «Галатасарай» клубында басшылық өкілдері арасындағы жанжалдан кейін кадрлық өзгерістер болды. Вице-президент Метин Өзтүрік пен басқарма мүшесі Абдуллах Кавукчу қызметтерінен кетті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Тергеуге 27 қазанда өткен басқарма отырысындағы оқиға себеп болды. Осыдан кейін Өзтүрік әлеуметтік желілерде мәлімдеме жариялап, барлық басшылық қызметтерінен кететінін хабарлады:
«Маған «Галатасарай» дарытқан тәрбие де, марқұм анам мен әкемнен алған тәрбием де 27 қазандағы басқарма отырысында физикалық шабуылға және марқұм анамды қорлауға ұласқан әрекеттерді қабылдауыма мүмкіндік бермейді. Бүгіннен бастап «Галатасарай» мен оған қарасты компаниялардағы басқарма мүшесі қызметінен отставкаға кетемін».
Түркиялық БАҚ мәліметінше, жанжал Өзтүрік пен Абдуллах Кавукчу арасында болған. Журналист Бурхан Джан Терзи вице-президент клуб президенті Дурсун Өзбектің реакциясын күткенін, алайда үш күн ішінде ешқандай тәртіптік шара қолданылмағанын хабарлады.
1 қарашада Кавукчудың да басшылық қызметінен кеткені белгілі болды. Алайда ол болған жағдайды өзара сөзге келу ретінде сипаттап, әлеуметтік желілердегі жанжал туралы ақпараттың шын мәніндегі ауқымына сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
«Жеке мәселелер клубымыздың тыныштығына, беделіне және мақсаттарына титтей де көлеңке түсірмеуі үшін, «Галатасарайға» деген сүйіспеншілігім мен жауапкершілік сезіміме сүйене отырып, басқарма мүшесі қызметінен кету туралы шешім қабылдадым», - деді ол.
Метин Өзтүрік Дурсун Өзбектің әкімшілігіне 2022 жылдың маусымынан бері кірді.
Нұралы Әліптің бұған қандай қатысы бар?
Ыстамбұл клубындағы оқиғалар аясында Қазақстан құрамасының қорғаушысы Нұралы Әліптің «Зениттен» «Галатасарайға» ауысуы мүмкін деген әңгімелер де пайда болды. Бұған түркиялық журналист Бурак Эреннің футболшының кандидатурасы түрік командасына ұсынылғаны туралы жарияланымы себеп болды.
Алайда Әліптің өкілдері келіссөздер туралы ақпаратты жоққа шығарды. Олардың айтуынша, «Галатасарай» футболшыға да, петерборлық клубқа да ресми ұсыныс жасамаған. Сонымен қатар агенттік Қазақстан азаматтарының Түркия чемпионатында легионерлерді тіркеу кезінде бұрынғы мәртебесіне ие емес екенін нақтылады.
Әліптің «Зенитпен» қолданыстағы келісімшартының аяқталуына шамамен бір жарым жыл қалды. Ойыншының өкілдері қазіргі уақытта оның петерборлық команда сапындағы ойындарына толықтай назар аударып отырғанын атап өтті.