Шабуыл: Тен Хаг Криштиану Роналдуды тас-талқан етті
Эрик тен Хаг Криштиану Роналдуға кезекті жойқын сын айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
ESPN арнасындағы «Goedemorgen Eredivisie» бағдарламасының эфирінде «Манчестер Юнайтедтің» бұрынғы бапкері португалиялық супержұлдызбен арадағы күрделі қарым-қатынасы тақырыбына қайта оралып, оның енді элиталық футбол талаптарына неге сай келе алмайтынын түсіндірді.
Тен Хаг әуелі Роналдудың айрықша мәртебесін және командаластары арасында оған деген зор құрметті мойындады:
«Ойыншылар ол үшін жұмыс істегісі келіп, оған теңелуге тырысатын. Бұл мәселеде ешқандай түсінбеушілік болмасын. Ол, әрине, керемет ойыншы, барлық уақыттағы ең ұлылардың бірі».
Алайда кейін голландиялық маман өте қатаң баға берді:
«Бірақ шындық мынада: соңғы 7-8 жылда ол нәтиже көрсетуді тоқтатты. «Ювентустан» бастап бәрі аяқталды».
Тен Хаг сондай-ақ «Реалдың» жасы ұлғайған жұлдыздармен жұмыс істеу тәсілін жоғары бағалады:
«Негізінде, “Реалдың” басты күші де осында. Олар ойыншылармен қашан қоштасу керегін әрдайым біледі. “Реал” футболшының деңгейі төмендей бастағанын түсінеді де, сырт көзге ол әлі де бабында көрінетін сәтте қоштасады. Бірақ шын мәнінде, ол енді бұрынғыдай нәтиже көрсете алмайды, ал бұл ауыр тиеді».
«Манчестер Юнайтедтің» бұрынғы бапкері өз талаптарын Роналдуға анық жеткізгенін атап өтті:
«Мен “Манчестер Юнайтедте” жұмыс істей бастағанда, Роналдуға қалай ойнайтынымызды, оның рөлі қандай болатынын, одан не күтетінімді және оның менен әрі командадан не күте алатынын түсіндірдім».
Тен Хаг сөзін Роналдудың физикалық дайындығына қатысты аса өткір сынмен аяқтады:
«Бірақ ақыр соңында өзің де бар күшіңді салуың керек. Айтып өткенімдей, ол енді ауырсынуды жеңіп, күн сайын бар күшін жұмсап, бабына келу үшін мүмкіндігінің шегінде жаттығуға өзін мәжбүрлей алмады. Ал Премьер-лигада, Чемпиондар лигасында немесе Португалия құрамасында бабында болмасаң, сенің ешқандай мүмкіндігің жоқ», - деді тен Хаг.