Каннаваро Өзбекстанның екі гол басымдығын сақтай алмай, Ресейден жеңілуіне түсініктеме берді
Өзбекстан құрамасының бас бапкері Фабио Каннаваро Ресейден жолдастық матчта жеңілгеннен кейін пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ойын 12 қарашада Ташкентте өтіп, Ресей құрамасының 3:2 есебімен жеңісімен аяқталды.
Итальяндық маманның шәкірттері екі гол айырмасымен алда болғанымен, есепті сақтап қала алмады.
«Біздің команда бүгін жақсы ойнады. Бірақ жеңіске тым ерте сеніп қалғанымыз мәселе болды. Біз жақсы сабақ алдық. Ойын аяқталғанша, 95 минут бойы назарды жоғалтпау керек», - деді Каннаваро.
Өзбекстан құрамасы есепті бесінші минутта Виктор Мелехиннің автоголынан кейін ашты. 46-минутта Бехруз Каримов алаң иелерінің басымдығын еселей түсті.
Алайда Ресей құрамасы ойынның соңғы бөлігінде таразы басын өзіне аударды. Николай Комличенко 70 және 75-минуттарда дубль жасаса, тағы төрт минуттан кейін Алексей Миранчук жеңіс голын соқты.
Осылайша, Валерий Карпиннің командасы екі гол айырмасын жойып, 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Ресей құрамасы Өзбекстанмен матчта керемет камбэк жасады