Бублик Ресейдегі көрме турниріне қатысу туралы шешім қабылдады
Әлемнің 26-ракеткасы, қазақстандық теннисші Александр Бублик Санкт-Петербургте өтетін «Солтүстік Пальмира жүлделері» көрме турниріне қатысады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстандық теннисші бұл жарысқа қатарынан төртінші жыл қатысады. Турнир 27-29 қараша аралығында өтеді. Ұйымдастырушылар қатысушылардың толық тізімін кейінірек жарияламақ.
«Солтүстік Пальмира жүлделері» — ATP және WTA турларында өнер көрсететін ойыншылар, сондай-ақ әлемдік теннис аңыздары қатысатын командалық көрме турнирі. 2026 жылы жарыс бесінші рет ұйымдастырылады.
Бубликтің турнирге қатысатынының бір ерекшелігі — бұған дейін қазақстандық теннисші маусымды мерзімінен бұрын аяқтайтынын мәлімдеген еді. Бұл Almaty Open турнирінен кейін болды: ол ресейлік Даниил Медведевке қарсы жартылай финалдық матчты жалғастыра алмады.
Айта кетейік, 2026 жыл Бублик үшін тарихи кезең болды. Қаңтарда Гонконгтағы ATP 250 турнирінде жеңіске жеткеннен кейін қазақстандық теннисші мансабында алғаш рет әлемдік рейтингтің үздік ондығына енді. Финалда ол италиялық Лоренцо Музеттиді 7:6, 6:3 есебімен ұтты. Бублик ерлер арасындағы жекелей сында бұл межеге жеткен алғашқы қазақстандық атанды.
Кейін Бублик рейтингте төмендеп, қазіргі уақытта 26-орында тұр.