«Чемодандарды қағып алу керек еді»: Кравец «Самұрық-Қазына» басшысының ұсталуына қатысты пікір білдірді
«Барыстың» бас бапкері Михаил Кравец «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақұповтың ұсталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
ҚХЛ аясындағы «Адмиралға» (4:2) қарсы матчтағы жеңістен кейін журналист бапкерден бұл жағдай команданың ішінде талқыланды ма және «Барыстың» қаржыландырылуына қатысты бәрі жақсы болатынына кепілдік бар ма деп сұрады.
Кравец команданың болған жайтты ойынға аз уақыт қалғанда білгенін айтып, Астанадағы тұрғын үй кешенінің маңына шашылған ақша бейнеленген видеоға әзілмен тоқталды.
«Ең алдымен, біз мұнда не болып жатқанын білмедік. Егер білгенімізде, чемодандарды лақтырып жатқан жерге бәріміз барып қалар ма едік. Бәлкім, сол дұрыс болар еді. Ал біз жаттығуға кеттік, демек, бұл жолы сәл басқа жаққа бұрылыппыз. Маған ойын алдында осыны айтып берді. Сонда мен: „Біз басқа іспен айналысып жүр екенбіз, чемодандарды қағып алу керек еді“, — дедім. Бәрі жақсы болады және демеушілеріміз табылады деп үміттенемін. «Барыстың» жағдайы да алдағы уақытта жақсы болады», — деді бапкер.
Кравец демеушілер мен жанкүйерлердің клубқа қолдау көрсетуі маңызды екенін де атап өтті. Ол «Барыстың» Континенталды хоккей лигасындағы Қазақстанның жалғыз өкілі екенін еске салды.
«Меніңше, демеушілердің қолдауы қажет. Ең бастысы, қолдау тек командаға ғана көрсетілмеуі керек. Команда болғандықтан, белгілі бір деңгейде ойын көрсеткендіктен, адамдар ләззат алады. Бұл қаражат тек команда үшін емес, ойындарға осыншама жанкүйер келуі үшін де керек. Оларға алғысымыз шексіз. Бүгін жеңіске жеткенімізге қуаныштымын. Тағы да бәрі жақсы эмоция алды», — деп қосты Кравец.
Еске салайық, 11 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақұповты (ол сондай-ақ ҚР су спорт түрлері федерациясын басқарады), «Қазақстан темір жолы» басқарма төрағасы Елжас Отынышиевті және басқа да адамдарды ұстады. Оларға сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдік келтіріліп отыр.
Ашық деректерге сәйкес, «Самұрық-Қазына» қоры «Барыс» хоккей клубын қаржыландырудың басым бөлігін қамтамасыз етеді. Sport Qory мәліметі бойынша, команданың жылдық бюджеті шамамен тоғыз миллиард теңгені құрайды.
Сол күні әлеуметтік желілерде Астанадағы Қонаев көшесінде орналасқан Atlant тұрғын үй кешенінің маңына шашылған доллар бумалары түсірілген видеолар тарады. Мессенджерлердегі хабарламаларға сәйкес, пандуста ақша салынған сегізге жуық чемодан болған. Оқиға орнына полиция келді.
Алайда «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуын тұрғын үй кешенінің маңынан табылған ақшамен байланыстыратын ресми растау жоқ.