«Кайраттың» Чемпиондар лигасындағы матчтары Астанаға ресми түрде ауыстырылды
Алматылық «Қайраттың» қысқы маусымда өз алаңын ауыстыруына ресми түрде рұқсат берілді. Клуб бұрыннан-ақ Алматыдағы ауа райының қолайсыздығына байланысты Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі үй матчтарын басқа қалада өткізу туралы өтініш жасаған еді. УЕФА клубтың сұрауын қарап, оны толық мақұлдады.
Енді «Қайраттың» ең маңызды екі ойыны - 9 желтоқсандағы «Олимпиакоспен» және 20 қаңтардағы «Брюггемен» өтетін кездесулері - Алматыда емес, Астанадағы «Астана Аренада» ұйымдастырылады.
Билет бағасы 15 000–50 000 теңге аралығында белгіленді. Сатылым 28 қарашада басталады.
Айта кетейік, «Қайрат» жалпы кезеңнің төрт турынан кейін небәрі бір ұпай жинады. Бұл ұпай кипрлік «Пафоспен» (0:0) болған кездесуде жазылған еді.