locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Әйгілі клубқа қарсы ойнау – күнде бола бермейтін мүмкіндік»: Жалмағамбетов «Қайраттың» «Реалға» қарсы ойынын бағалады

Қазақстан құрамасының бұрынғы футболшысы – еурокубоктық кездесуге пікір білдірді
«Әйгілі клубқа қарсы ойнау – күнде бола бермейтін мүмкіндік»: Жалмағамбетов «Қайраттың» «Реалға» қарсы ойынын бағалады
ФОТО: Getty Images

Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Максим Жалмағамбетов арнайы Sports24.KZ сайтына берген эксклюзивті сұхбатында алматылық «Қайрат» пен мадридтік «Реал» арасындағы Чемпиондар лигасы матчынан алған әсерімен бөлісті.

– «Қайраттың» осындай мықты қарсыласқа қарсы ойынын қалай бағалар едіңіз?

— «Қайрат» пен «Реалды» тікелей салыстыру дұрыс емес — бұл екі түрлі салмақ дәрежесі. Бірақ бастысы – біздің жігіттер жасқанбай, әлемдік футболдың алпауытына қарсы лайықты ойын көрсетті. Олардың барын салып ойнағандары көрініп тұрды, сол үшін мақтауға тұрарлық.

– Алматы командасы қай тұстарда сенімді көрінді, ал қай жерде қателіктерге жол берді?

— Маған ұнағаны – команда деңгей айырмасына қарамастан батыл қимылдады. Бірінші таймда «Қайрат» сауатты қорғанып, аймақтарды жаба білді, қарсыласқа еркіндік бермеді. Екінші таймда шаршау мен «Реалдың» қысымы байқалды, сол себепті кейбір олқылықтар көрінді. Мұндай деңгейдегі клуб үшін бұл – қалыпты жайт.

– Бірінші таймдағы Сорокиннің қатесі қаншалықты шешуші болды?

— Бәрін бір сәтке тіреп қою дұрыс емес деп ойлаймын. Иә, қате көзге көрінді, бірақ гол бәрібір ерте ме, кеш пе соғылар еді. «Реал» өте мықты команда, оларда сәттер міндетті түрде туындап тұрады. Мұндай ойында кінәлі іздеудің қажеті жоқ.

– Егер Сатпаев 10-шы секундта гол соққанда, ойын қалай өзгерер еді?

— Бұл ойынды қыздырар еді. Ерте гол «Қайратты» жігерлендіріп, «Реалды» алаңдатар еді. Сонымен қатар, есеп 0:2 болғанда төреші пенальти белгілемеді – даулы эпизод. Егер рефери он бір метрлік айып добын белгілегенде, алматылықтардың ойынды қайта жандандыруға мүмкіндігі болар еді, матч тіпті қызығырақ өте алар еді.

– Бұл кездесуден «Қайрат» қандай сабақ алуы керек?

— Ең бастысы – бұл баға жетпес тәжірибе. Мұндай клубқа қарсы шығу күнде бола бермейді. Осындай матчтар даму үшін үлкен серпін береді, бастысы – дұрыс қорытынды жасау қажет. Тағы бір айта кететіні, соңғы минуттарда алаңға бірден бірнеше академия түлегі шықты – шамамен бес ойыншы. Бұл – команданың болашағы үшін жақсы белгі.

– «Қайраттың» қай футболшысын ерекше атап өтер едіңіз?

— Жеке ешкімді бөліп-жарғым келмейді. Барлығы тырысты, барлығы өз мүмкіндігін толық көрсетуге ұмтылды. Бұл – командалық матч болды, және «Қайрат» дәл осы ұжымдық ойынымен құрметке лайық.

Еске сала кетейік, матчта «Реал» 5:0 есебімен жеңіске жетті. Килиан Мбаппе хет-трик жасаған болатын.

«Қайрат» үшін бұл Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі екінші ойын еді. Алғашқы кездесуде алматылықтар лиссабондық «Спортингке» 1:4 есебімен жол берген, жалғыз голды бразилиялық Эдмилсон соққан.

Спорт — бір шертуде!
Біздің қауымдастықтарға жазылыңыздар да, спорттық оқиғалардан хабардар болыңыздар!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie