locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Грузияда полиция мен «Бешикташ» жанкүйерлері арасындағы қақтығыс салдарынан Еуропа лигасының матчы тоқтатылды

Палестина туына қатысты жанжалдан кейін «Бешикташ» – «Хапоэль» матчы тоқтатылды
Футбол
ФОТО: Getty images

Грузияның Батуми қаласында өткен Еуропа лигасының жалпы кезеңіндегі бесінші турда түркиялық «Бешикташ» пен Беэр-Шевадан келген израильдік «Хапоэль» арасындағы матч бірінші таймда жанкүйерлер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қақтығысына байланысты тоқтатылды, деп хабарлайды Sports24.kz.

Бастапқыда кездесу Ыстамбұлда өтуі керек еді. Алайда Түркия мен Израиль арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуіне байланысты УЕФА қазан айында матчты бейтарап алаңға көшіру туралы шешім қабылдады. Дегенмен Грузияда да тәртіпсіздіктің алдын алу мүмкін болмады.

ФОТО: Getty images

Қақтығыс алғашқы ысқырыққа дейін басталды

Матч күні мыңдаған түркиялық жанкүйер Батуми орталығындағы Еуропа алаңына жиналып, Палестина жалауларын желбіретіп, саяси ұрандар айтты. БАҚ мәліметінше, акцияға «Бешикташтың» басты қарсыластары «Фенербахче» мен «Трабзонспордың» жанкүйерлері де қосылған.

Кездесу басталар алдында Ыстамбұл клубының футболшылары қарсыластарымен қол алысып амандасудан бас тартты, ал трибуналарда Палестинаны қолдаған ұрандар толастамады. Грузия полициясы жанкүйерлердің бірінен Палестина туын алып қоюға әрекеттенген соң жағдай ушыға түсті.

21-минутта қақтығыс футбол алаңында жалғасты. «Бешикташ» жартылай қорғаушысы Салих Өзжан допты алаңнан ойынға қосар алдында Израиль командасының бас бапкері Ран Козухты иығымен қағып кетті. Артынша қосалқы құрам орындықтарының маңында төбелес басталды.

Бірнеше минуттан кейін трибунадағы жағдай мүлде бақылаудан шықты. Israel Hayom басылымының мәліметінше, түркиялық жанкүйерлер пластик орындықтарды жұлып алып, қауіпсіздік қызметкерлеріне лақтыра бастаған. Испаниялық AS басылымы полицияның көзден жас ағызатын газ қолданғанын хабарлады.

«Бешикташ» футболшылары жанкүйерлерін сабырға шақыруға тырысты. Алайда даниялық төреші Мортен Крог 25-минутта ойынды тоқтатуға мәжбүр болды. Зардап шеккен жанкүйерлердің бірі стадионнан зембілмен шығарылып, ауруханаға жеткізілді.

«Хапоэль» ойыншылары мен төрешілер бригадасы алаңнан кетті. Матчты тек жарты сағаттан кейін ғана қайта жалғастыру мүмкін болды.

ФОТО: Getty images

«Бешикташ» ұшағы Батумиге бара жатқанда найзағайлы бұлтқа тап болды

Ыстамбұл клубының басына матч қарсаңында-ақ қиындық туды. Түркиялық БАҚ мәліметінше, футболшылар мінген ұшақ Батумиге қонуға жақындағанда найзағай түскен. Қолайсыз ауа райына байланысты экипаж бағытты өзгертіп, Түркиядағы Ризе-Артвин әуежайына қонуға мәжбүр болды.

Команда жолдың қалған бөлігін автобуспен жүріп өтті. Номиналды түрде өз алаңындағы матчқа жету үшін жалпы сегіз сағаттай уақыт кетті. Соның салдарынан бас бапкер Винченцо Итальяноның матч алдындағы баспасөз мәслихатын өткізуге мүмкіндік болмады.

Даниялық төрешілер бригадасы да ұшу кезінде қиындыққа тап болды: олардың ұшағы Трабзонға бағытталды.

Матч қалай аяқталды

Бірнеше оқыс оқиғаға қарамастан, кездесу соңына дейін ойналды. Екі команда да қарсыласының қақпасына гол соға алмады – матч голсыз тең аяқталды (0:0). Осылайша, «Бешикташ» сегіз ұпай жинаса, «Хапоэль» екі ұпай еншіледі.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie