Фликтің шешімі «Барселона» ойыншыларын таңғалдырды: реакция видеоға түсіп қалды
«Барселонаның» бас бапкері Ханс-Дитер Флик Испания чемпионатының 12-туры аясында мадридтік «Атлетикоға» қарсы өткен матчта (2:1) тосын тактикалық шешімімен өз ойыншыларын таңғалдырды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Үзіліс кезінде неміс маманы жартылай қорғаушы Френки де Йонгты оң қапталдағы қорғаушы позициясына шығаруды ұйғарды. DAZN камералары нидерландтық футболшының жаңа рөлін біліп, бұл туралы командаластарына айтқан сәтін түсіріп алды.
Бапкердің шешімі қосалқы құрамдағы ойыншыларды таңғалдырды. Де Йонг ауысым туралы Гави мен Войцех Щенсныға күлімсіреп айтып берді. Болған жайтты ойынға шығуға үміттенген Алехандро Бальде де мұқият бақылап отырды.
Mundo Deportivo басылымының хабарлауынша, Флик Бальдені сол қапталдағы қорғаушы етіп шығарып, Жоау Канселуды оң қапталға ауыстыра алар еді. Алайда неміс маманы орталық жартылай қорғаушы болып саналатын де Йонгқа сенім артуды жөн көрді.
Матчтан кейін футболшы бапкердің тосын шешімін түсіндірді.
«Үзіліске дейін бапкер оң қапталда 15 минут ойнап, содан кейін жартылай қорғауға оралуға қарсы емеспін бе деп сұрады. Мен келістім. Менің қорғаушы емес, жартылай қорғаушы екенімді бәрі біледі», — деді де Йонг.
Тәжірибе сәтті аяқталды. Екінші таймда «Барселона» ойынын күшейтіп, матч барысын өзгерте алды да, 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Айта кетейік, осы маусымда де Йонг бірнеше позицияда ойнап үлгерді. Бұған дейін Флик нидерландтық футболшыны орталық қорғаушы ретінде шығарса, енді оған қорғаныстың оң қапталын сеніп тапсырды.