«Ол сұмдық»: белгілі комментатор тікелей эфирде Соболенконы қорлады
Беларусь теннисшісі Арина Соболенко Индиан-Уэллстегі WTA финалдық турнирінде үлкен даудың ортасында қалды. Францияның beIN Sports телеарнасының комментаторы Матье Солье әлемнің екінші ракеткасына қатысты қорлайтын сөз айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Оқиға 9 қарашада Соболенконың чехиялық Каролина Муховамен алғашқы матчына дейін болды. Трансляция кезінде көрермендерге Беларусь спортшысы қатысқан бейнеролик көрсетілді. Комментатор микрофоны өшірулі деп ойлаған болуы мүмкін, сол сәтте теннисшінің сырт келбеті туралы пікір білдірді.
«Қарашы, қарашы, қарашы, ол сұмдық», — деді Солье.
Алайда микрофон жұмыс істеп тұрғандықтан, журналистің сөзін көрермендер естіп қойды. Трансляция үзіндісі әлеуметтік желілерде тез тарап, комментаторға қатысты сын толқынын туғызды.
Жағдайдың резонансы соншалық, beIN Sports басшылығы ресми мәлімдеме жасауға мәжбүр болды.
Телеарнаның хабар тарату және бағдарламалар жөніндегі директоры Флоран Узот өз қызметкерінің әрекетін көпшілік алдында айыптады.
«WTA финалдық турнирінің трансляциясы кезінде тікелей эфирде айтылған сөздерге өкінемін және оларды үзілді-кесілді айыптаймын. Бұл сөздер beIN Sports құндылықтарын білдірмейді. Біз барлық спортшылар мен трансляциямызға қатысушыларға құрметпен қарауды әрдайым қолдаймыз», — деді телеарна өкілі.
Әзірге журналистке қатысты тәртіптік шара қолданылатыны-қолданылмайтыны белгісіз.
Жанжал туралы хабар тараған сәтте Соболенко бұл жағдайға көпшілік алдында пікір білдірмеді.
Жағымсыз оқиғаға қарамастан, беларусь теннисшісі WTA финалдық турниріндегі жарысты сәтті бастады. Топтық кезеңнің алғашқы матчында ол Каролина Мухованы 7:6 (7:2), 7:5 есебімен жеңді.
Индиан-Уэллстегі турнир 8-15 қараша аралығында өтеді. Жарысқа маусымның ең мықты сегіз теннисшісі қатысып жатыр.