ҚФФ Джон ван ’т Скиптің көмекшілерін таңдаудың себебін түсіндірді
Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Скотт Манн Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа бас бапкері Джон ван ’т Скиптің бапкерлік штабы қандай қағидаттарға сүйеніп жасақталғанын айтып берді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Маннның айтуынша, мамандарды іріктеу кезінде федерация халықаралық тәжірибе мен қазақстандық футболға терең бойлауды үйлестіруге тырысқан.
«Кейбір мамандар жүйеде бұрыннан жұмыс істеп, біздің даму бағдарламамызды жүзеге асыруға қатысып жүр. Сонымен қатар, халықаралық тәжірибесі бар мамандарды тартқымыз келді. Әсіресе, бұл физикалық дайындық бағытына қатысты, ол біз үшін аса маңызды», — деді Манн.
Сондай-ақ, штабты жасақтаудағы басты критерий — Қазақстан ішкі футболын жетік білу болды.
«Біз үшін штабта жергілікті футболды жақсы білетін мамандардың болуы аса маңызды еді. Құрамадағы ойыншылардың шамамен 95 пайызы Қазақстан чемпионатында өнер көрсетеді, сондықтан бапкерлер бұл футболшыларды жақсы танып, олармен тіл табыса алуы және елдің ерекшелігін түсінуі қажет», — деп атап өтті ҚФФ бас хатшысы.
Еске салайық, Джон ван ’т Скиптің бапкерлік штабына қазақстандық мамандар Нұрбол Жұмасқалиев, Елдос Ахметов, Юрий Новиков, Вадим Боровский және Тимур Қусаинов енді.