«Елімай» директоры үш айға дисквалификация алды
Қазақстан футбол федерациясының Бақылау, тәртіптік және этикалық комитеті ҚПЛ-дың 13-туры аясындағы «Елімай» мен «Ордабасы» арасындағы даулы матчтан кейін болған оқиғаларды қарап, бірқатар қатаң санкция енгізді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Еске салайық, кездесу шымкенттік клубтың 3:1 есебіндегі жеңісімен аяқталған болатын. Алайда матчтан кейінгі жанжал көпшіліктің назарын өзіне аударды.
Комитет шешімі бойынша «Елімай» ойыншысы Жан Әли Пайруз бас төрешіге физикалық қысым көрсетуге әрекет жасағаны үшін төрт матчқа дисквалификацияланды.
Сондай-ақ семейлік клубтың бас бапкері Андрей Карпович те төрт ойынға шеттетілді. ҚФФ мәліметінше, маман төрешілердің шешімдеріне агрессивті түрде қарсылық білдіріп, матчтан кейінгі жанжалдың өршуіне себеп болған.
Клубтың басқарушы директоры Федор Симинидиге де қатаң жаза қолданылды. Ол 2026 жылдың 1 қазанына дейін «Елімайдың» қатысуымен өтетін матчтарға кіре алмайды. Сонымен қатар оған 100 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Федерацияның мәліметінше, ол ойыннан кейін төрешілер бөлмесіне кіріп, матчтың ресми тұлғаларына қатысты балағат сөздер айтып, қоқан-лоқы көрсеткен.
«Елімай» клубының өзі де бірнеше айыппұл арқалады. Жанкүйерлердің тәртіп бұзуы, төрешіге зат лақтыруы, қорлау сипатындағы ұрандар айтуы және қауіпсіздікті қамтамасыз етпеуі үшін клубқа 300 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Бұдан бөлек, команданың тәртіпсіз әрекеттері үшін тағы 100 АЕК айыппұл төлеуге міндеттелді.
Даулы оқиғаға қатысы бар төреші Арман Есмұратов та жазасыз қалған жоқ. Ол 2026 жылдың 1 қазанына дейін қызметінен шеттетілді.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде тараған бейнежазба үлкен резонанс тудырған еді. Онда Есмұратовтың «Елімай» өкілдеріне қарата дөрекі сөздер айтқаны естілген. Кейін қоғамдық белсенді Серік Байғалиевтің мәліметінше, семейлік арбитр әкімшілік соттың шешімімен бес тәулікке қамауға алынды.