«Астана» мен «Елімайдың» Конференциялар лигасы іріктеуінің бірінші кезеңіндегі матчтарының басталу уақыты белгілі болды
УЕФА клубтық турнирлер комитеті Конференциялар лигасының бірінші іріктеу кезеңіндегі «Астана» мен «Елімай» қатысатын матчтардың кестесін жариялады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Еурокубоктық айқаста алғашқылардың бірі болып семейліктер алаңға шығады. «Алашкерт» пен «Елімай» арасындағы алғашқы матч 9 шілде күні Еревандағы Армения футбол федерациясы академиясының стадионында өтеді. Бастапқы ысқырық Астана уақыты бойынша 21:00-де естіледі.
«Астана» өз алғашқы кездесуін «Динамо Сити» командасына қарсы да сырт алаңда өткізеді. Бұл матч Албания астанасы Тиранадан 35 шақырым қашықтықтағы Эльбасан қаласындағы «Эльбасан Арена» стадионында өтеді. Кездесудің басталуы — Астана уақытымен 10 шілдеге қараған түні 00:00-де.
Жауапты ойындарды қазақстандық клубтар өз алаңында өткізеді және олар бір уақытта — 16 шілде күні Астана уақыты бойынша 20:00-де басталады.
Еске сала кетейік, бұған дейін де «Қайрат» пен «Сутьеска» арасындағы матчтардың датасы мен басталу уақыты анықталған болатын, бұл ойындар Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңі аясында өтеді.
