locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Дастан Сәтпаевтың «Бернли» негізгі құрамға енуіне кімдер кедергі: қазақстандықтың басты бәсекелестері

18 жастағы шабуылшы Дастан Сәтпаев жарақатынан кейін алаңға оралды, алайда «Бернлидің» негізгі құрамындағы орын үшін күрес оңай болмайын деп тұр
Дастан Сәтпаевтың «Бернли» негізгі құрамға енуіне кімдер кедергі: қазақстандықтың басты бәсекелестері
ФОТО: Getty images

Қазақстандық футболшы Дастан Сәтпаев лондондық «Челсиден» жалға ауысқан ағылшындық «Бернлидегі» бейімделуін жалғастырып жатыр. Жарақатынан айыққаннан кейін шабуылшы қайтадан ойын уақытына ие болды, алайда негізгі құрамда орнығу оған оңайға соқпайды.

Sports24.kz ағылшын клубының шабуыл шебіндегі 18 жастағы қазақстандықтың басты бәсекелестерін жинақтады.

10 қазанда Сәтпаев «Уотфордқа» (4:0) қарсы жеңісті матчқа қатысып, алаңға 74-минутта шықты. Бұл оның бір айдан астам уақыт жіберіп алған жарақатынан кейінгі алғашқы ойыны болды.

Қазіргі таңда қазақстандық Чемпионшипте төрт матч өткізіп, екі рет негізгі құрамда алаңға шықты және 220 минут ойнады. Әзірге оның еншісінде нәтижелі әрекет жоқ. Сонымен қатар «Бернлидің» бас жаттықтырушысы Скотт Паркердің қарамағында Сәтпаев ойнайтын позицияларда өнер көрсете алатын тәжірибелі футболшылардың бірнешеуі бар.

Якоб Бруун Ларсен – Сәтпаев соңғы матчта алмастырған бәсекелес

28 жастағы даниялық футболшы – шабуыл қанатындағы орынға басты үміткерлердің бірі. Ол Германия Бундеслигасында өнер көрсетіп, дортмундтық «Боруссия», «Хоффенхайм» және «Штутгарт» клубтарының намысын қорғаған.

Биылғы Чемпионшипте Бруун Ларсен жеті матч өткізіп, бір гол соқты және бір нәтижелі пас берді. Оның еншісінде 479 минут бар.

«Уотфордқа» қарсы кездесуде есепті дәл даниялық ашты, ал екінші таймда ол орнын Сәтпаевқа берді. Осылайша қазақстандық алаңдағы минуттар үшін онымен тікелей бәсекеге түсіп отыр.

ФОТО: Getty images

Зеки Амдуни – команданың ең нәтижелі ойыншыларының бірі

25 жастағы швейцариялық шабуылшы шабуылдың ұшында да, жартылай қорғауға жақынырақ та ойнай алады. Бұған дейін ол португалиялық «Бенфикада» өнер көрсетіп, еуропалық жоғары деңгейдегі ойын тәжірибесін жинақтаған.

Осы маусымда Амдуни «Бернлидің» ең көзге түскен футболшыларының біріне айналды. Чемпионшиптегі тоғыз матчта ол үш гол соқты, соның ішінде «Уотфордтың» қақпасына енгізген добы да бар.

Швейцариялықтың нәтижелілігін және шабуылдағы бірнеше позицияда ойнай алатынын ескерсек, дәл Амдуни Сәтпаевтың ең күрделі бәсекелестерінің біріне айналуы мүмкін.

ФОТО: Getty images

Маркус Эдвардс – техникасы мен жылдамдығы бар тәжірибелі ойыншы

27 жастағы ағылшын вингері бұған дейін лиссабондық «Спортингте» өнер көрсетіп, қорғаушыларды жеке-дара алдап өте алатын техникалық шебер футболшы ретінде танылды.

Биылғы Чемпионшипте Эдвардс бес матч өткізіп, бір гол соқты. Оның еншісінде 296 минут бар.

«Уотфордқа» қарсы ойында ол алаңға қосалқы құрамнан шығып, матчтың соңғы есебін – 4:0-ді белгіледі. Сәтпаев үшін Эдвардс ең алдымен шабуыл қанаттарындағы бәсекелес саналады.

ФОТО: Getty images

Ларджи Рамазани – негізгі құрамдағы орынға тағы бір үміткер

25 жастағы бельгиялық «Лидстен» «Бернлиге» жалға қосылды. Бұған дейін ол испаниялық «Валенсияда» өнер көрсетіп, өткен маусымда Ла Лигада алты гол соқты.

Биылғы Чемпионшипте Рамазани алты матч өткізіп, бір гол соқты және бір нәтижелі пас берді. Барлығы 378 минут алаңда болды.

Бельгиялық екі қанатта да, шабуылдың ортасында да ойнай алады. Оның әмбебаптығы бапкерлер штабына қосымша мүмкіндіктер беріп, қазақстандық шабуылшы үшін бәсекені күшейтеді.

ФОТО: Getty images

Джейми Варди – Англия чемпионы әрі АПЛ аңызы

«Бернлидің» шабуыл шебіндегі ең танымал футболшылардың бірі – 39 жастағы Джейми Варди. Ағылшын «Лестер» сапындағы өнерімен даңққа бөленіп, осы клубпен бірге 2015/16 маусымында Премьер-лиганы сенсациялық түрде жеңіп алды.

Өткен маусымда Варди италиялық «Кремонезеде» ойнап, А сериясындағы 29 матчта жеті гол соқты.

Осы Чемпионшипте тәжірибелі шабуылшы әзірге екі кездесуге қатысып, 42 минут ойнады. Алайда оның гол соғу түйсігі мен мол тәжірибесі құрамды таңдауда маңызды рөл атқаруы мүмкін.

Айта кетерлігі, «Уотфордқа» қарсы матчта Сәтпаев Вардиге пас берді, содан кейін ағылшын допты қақпаға бағыттады. Алайда гол офсайдқа байланысты есепке алынбады.

ФОТО: Getty images

Армандо Броя – «Челсидегі» өткені бар бәсекелес

Албания құрамасының 25 жастағы шабуылшысы ағылшын футболын жақсы біледі. Бұған дейін Броя «Челсиге» тиесілі болды, сондай-ақ «Саутгемптон», «Фулхэм» және «Эвертон» клубтарында өнер көрсетті.

Чемпионшиптегі қазіргі маусымда ол алты матчқа қатысып, алаңда 142 минут өткізді. Футболшының әзірге голы да, нәтижелі добы да жоқ.

Статистикасы аса жоғары болмаса да, Броя бапкерлер штабы үшін орталық шабуылшы позициясындағы тағы бір нұсқа болып қала береді.

ФОТО: Getty images

Сәтпаевтың мүмкіндігі қандай?

Елеулі бәсекеге қарамастан, Дастан ағылшын футболында ойын уақытына ие бола алатынын дәлелдеп үлгерді. Жарақатына дейін қазақстандық екі рет негізгі құрамда алаңға шықса, оңалғаннан кейін қайтадан ойынға қосылды.

Сонымен бірге негізгі құрамдағы орын үшін күресті «Бернлидің» бірнеше ойыншысының шабуылдағы әртүрлі позицияларда ойнай алатыны қиындата түседі. Сәтпаев тек орталық шабуылшылармен ғана емес, қанаттағы футболшылармен де бәсекелесуге мәжбүр.

Қазақстандық өзін көрсетуге келесі мүмкіндікті 13 қазанда алуы ықтимал. Сол күні «Бернли» өз алаңында Чемпионшип матчында «Чарльтон Атлетикпен» кездеседі. Дәл алдағы ойындар 18 жастағы шабуылшының жарақаттан кейін негізгі құрамдағы орнын қайтара ала ма, жоқ па – соны көрсетеді.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie