Соболенко Рыбакинамен бәсекелестігі туралы күтпеген пікір білдірді
Беларусь теннисшісі Арина Соболенко әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакинамен арадағы бәсекелестік туралы пікір білдірді. Биылғы маусымда қазақстандық спортшыдан бірнеше маңызды кездесуде жеңілгеніне қарамастан, ол бұл қарсыластық өзіне ұнайтынын жасырмады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қытайдың Ухань қаласында өтетін WTA 1000 турнирі алдындағы баспасөз мәслихатында Соболенко Рыбакинамен бәсекелестік оны үнемі ізденуге және ойын деңгейін көтеруге ынталандыратынын айтты. Беларусь спортшысының сөзінше, жеңілістен дұрыс қорытынды шығара білген теннисші одан да күшейе түседі.
«Маған Еленамен бәсекелесу шынымен ұнайды. Меніңше, біз бір-біріміздің шеберлігімізді арттыруға көмектесеміз. Бұл тек екеумізге ғана емес, өзге теннисшілерге де әсер етеді. Әрине, маңызды матчтарда жеңілу, рейтингтік ұпай жоғалту немесе финалда есе жіберу оңай емес. Бірақ дәл осындай сәттер сені бұрынғыдан да көп еңбектенуге итермелейді. Биылғы маусымда жеңілістерден көп сабақ алдым және сол тәжірибені өзімді дамытуға пайдалана білдім», – деді Соболенко.

Бір қызығы, биыл екі теннисшінің арасындағы бәсекелестік жаңа деңгейге көтерілді. Рыбакина беларусь спортшысын «Үлкен дулыға» санатындағы екі турнирдің финалында жеңді. Алдымен Australian Open жарысында басым түссе, кейін US Open шешуші кездесуінде де қарсыласынан мықты болды.
Дегенмен Соболенко да қазақстандықтан маңызды матчта басым түсе алды. Ол Индиан-Уэллс турнирінің финалында Рыбакинаны жеңіп, чемпиондық атақты иеленді.
Әсіресе АҚШ ашық чемпионатының финалы екі теннисшінің мансабында ерекше орын алды. Сол кездесудегі жеңіс Рыбакинаға алғаш рет WTA әлемдік рейтингінің көшін бастауға мүмкіндік берді. Осылайша, қазақстандық спортшы Соболенконың 99 аптаға созылған көшбасшылығын тоқтатты.
Нәтижесінде Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы атанса, Арина Соболенко екінші орынға түсті. Соған қарамастан, Беларусь теннисшісі қазақстандық спортшымен бәсекелестікті өзінің әрі қарай дамуына күш беретін маңызды ынталандыру деп санайтынын жеткізді.