Дастан Сәтбаевтың «Бернлидегі» алғашқы негізгі құрамдағы ойынына баға берілді
«Челсидің» ConnCFC жанкүйерлік X-аккаунты Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтбаевтың Англия лигасы кубогындағы «Брэдфорд Ситиге» қарсы ойынына баға берді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бұл кездесу Сәтбаев үшін «Челсиден» жалға ауысып келгеннен кейін «Бернлидің» негізгі құрамындағы алғашқы матчы болды. Қазақстандық футболшы алаңда 80 минут ойнап, кейін ауыстырылды.
Аудиториясы 519 мың жазылушыдан тұратын аккаунт авторы Сәтбаевтың өнеріне оң баға беріп, оның жеке шеберлігіне назар аударды.
«Дастан Сәтбаев бүгін „Бернли“ сапында жаман ойын көрсеткен жоқ. Ол бірнеше рет жақсы дриблинг жасап, қауіпті бір сәт қалыптастырды. Маусым барысында оның ойыны бұдан да жақсара түседі деп ойлаймын», — деп жазды автор.
Алайда матч нәтижесі қазақстандық шабуылшының командасы үшін сәтсіз аяқталды. Негізгі уақыт 0:0 есебімен тең аяқталып, пенальти сериясында «Бернли» «Брэдфорд Ситиге» 2:4 есебімен жол берді.
Нәтиже көңіл көншітпегенімен, Сәтбаевтың негізгі құрамдағы дебюті оң бағаланды. Енді қазақстандық шабуылшы маусым барысында «Бернли» сапындағы ойын уақытын көбейту үшін күресін жалғастырады.