Черевченко «Ақтөбедегі» болашағына күмән келтірді
«Ақтөбе» бас бапкері Игорь Черевченко Қостанайдың «Тобылына» қарсы Қазақстан Премьер-лигасындағы қорытынды матчтан кейін клубтағы жұмысын жалғастыру мүмкіндігіне пікір білдірді. Маман ең алдымен денсаулығына қатысты мәселелерді шешуге ниетті екенін мойындады, деп хабарлайды Sports24.kz тілшісі.
Қазақстан Премьер-лигасының 30-турындағы матчтан кейін «Ақтөбе» командасының бапкері Игорь Черевченкодан клубпен әрі қарайғы ынтымақтастықтың болашағы туралы сұрады. Алайда маман нақты жауап бермей, қазіргі таңда өзі үшін денсаулық жағдайы бірінші орында екенін атап өтті.
«Клубпен ынтымақтастықты жалғастыруды жоспарлап отырмын ба? Ең алдымен тіземе қатысты мәселені шешуім керек, әрі қарай соған қарай әрекет етеміз», - деді Черевченко Қостанайдағы кездесуден кейін.
Қолда бар ақпаратқа сәйкес, Игорь Черевченкоға күрделі хирургиялық ота жасату қажет — тізе буынын толық ауыстыру керек. Денсаулығына қатысты мәселелер маманның бапкерлік мансабына бұған дейін де әсер еткен.
2025 жылдың соңында Черевченко операция жасау қажеттілігіне байланысты Душанбенің «Истиклол» клубының бас бапкері қызметінен кеткен болатын. Алайда сол кезде маман хирургиялық араласуды кейінге қалдырып, бапкерлік қызметін жалғастырды. Енді «Ақтөбе» бапкері емделуге кірісіп, содан кейін кәсіби жоспарларын айқындамақ.
Қазақстан Премьер-лигасының қорытынды, 30-турында ақтөбелік команда сырт алаңда Қостанайдың «Тобылымен» кездесті. Тартысты өткен матч 3:2 есебімен аяқталды.
Бірінші таймның соңында Артур Шушеначев алаң иелерінің қақпашысының қателігін пайдаланып, есеп ашты. Үзілістен кейін Урош Милованович таразы басын теңестірсе, Жаслан Жұмашев қостанайлықтарды алға шығарды. Иван Ордец есепті қайта теңестірді, ал 94-минутта Темирлан Ерланов шешуші голды соқты.
2026 жылғы маусым қорытындысы бойынша «Ақтөбе» 49 ұпай жинап, Қазақстан Премьер-лигасының турнирлік кестесінде бесінші орын алды.